2020 жылдан бастап өңірде жер заңнамасы саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс барысында ауданы 124мың гектар болатын 232 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Жайылым жерлердің тапшылығы да 124 мың га азайған. Облыстық прокуратура мамандарының мәліметінше, 26 проблемалық серіктестікте 11 мыңнан астам пай иелерінің құқықтары қорғалған. Оларға тиесілі жерлердің жалпы ауданы 257 мың га асады.


 Пайшылардың қатысуымен болатын жалпы жиналыстардың хаттамаларын қолдан жасау, алаяқтық, ЖШС-тің басшыларының өкілеттіктерін қасақана асыра пайдалану фактілері бойынша сотқа дейінгі 22 тергеп-тексеру басталды.

Пайшылардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сотқа дейінгі тәртіппен және сотта өз бетінше қорғауы үшін іс-қимыл алгоритмдері әзірленді. Пайшыларға талап арыздарды дайындауда практикалық көмек көрсетіліп жатыр.


АИДА БАБАСОВА , ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:

-  «Жарқын-СК» ЖШС қатысушылары – 4 мың пай иесінің құқығын қорғау мақсатында прокурор аталған серіктестік пен «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ арасында жасалған 14 кепіл шарттың күшін жою туралы талап арыз берді. Серіктестіктің басшысы 2017 жылы құжаттарды қолдан жасап, пайшылардың жерін кепілге қойып, 600 млн теңгені қалтасына басқан. Экономикалық соттың шешіміменөткен жылдың соңында прокурордың 14 кепіл шартты жарамсыз деп тану туралы талабы толығымен қанағаттандырылды.

«Жарқын СК» ЖШС директоры мен бұрынғы директорына қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Қорытындысы бойынша қылмыстық істер сотқа жолданды. Сот үкімімен оларға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды.