Аққайың ауданы, Аралағаш ауылында ет бағытындағы құс фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорын жылына 10 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы. 2023-ші жылы фабрика толық қуатына шығады. Дүкен сөрелерінен жергілікті тауарды қашан сатып алуға болады? Кәсіпкердің жоспары қандай? Әріптесім Майгүл Сейілбектің бейнематериалында.


 Аралағаш ауылында ашылған мына етті бағыттағы құс фабрикасы өңірдегі ең ірілерінің бірі болмақ. Кәсіпорын алғашында жылына 5 мың тонна өнім шығарады, 2023-ші жылы толық қуатына көшіп, өндірісті екі еселемек. Жобаның жалпы құны 7 млрд 400 миллион теңге. Оның 4 млрдын кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама бойынша несиеге алған. Бүгінгі күні тек сою цехы ғана жұмыс істеп тұр. Ал, тауықтардың алғашқы легі жақын уақытта Түркиядан әкелінеді деп жоспарланған.


БЕРІК АҚМҰРЗАЕВ, «СОЛТҮСТІК БРОЙЛЕРІ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

- Біздің мақсатымыз жергілікті нарықты 80 пайызға жабу. Өнім көлемін ұлғайта отыра басқа өңірлермен де тығыз қарым-қатынас орнатпақпыз. Яғни сатып, табыс таппақпыз.Бастапқыда 165 адамды еңбекпен қамтысақ, кейін тағы 150 маманды жұмысқа аламыз.


Фабриканың құрылысы өткен жылдың наурыз айында басталды. Қазіргі таңда құс ұстайтын 6 ғимарат толығымен дайын. Заманауи құрал-жабдықпен қамтылған. Тауықтарға күтім жасау процесі компьютерге жүктелген. Мамандардың сөзінше балапандар 42 күн ішінде пісіп-жетіледі. Қажетті салмақ жинаған соң тауық еті дүкен сөрелеріне жеткізіледі.


ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Бүкіл фабрикалардың құрылысы мемлекттік қолдауымен өтіп жатыр. Өйткені бұл азаматтарға да инфрақұрылымын шығындарын толығымен мемлекет тарапынан жауып отырмыз. Арзандатылған кредит беріп отырмыз.СПК арқылы. Ол да жақсы механизм. 3-ші фабриканың құрылысы келесі жылы бітеді. Ол 10 мың тонна шығарады. Осылайша жылына 16 мың тонна құс етін шығарамыз.


Жалпы, Аралағаш ауылында бүгінгі күні 108 үй түтін түтетіп отыр. Соңғы екі жылда ауылға кіреберіс және ішіндегі жолдарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, осы мақсатқа 230 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Елді мекен тұрғындарының басым бөлігі осы құс фабрикасында еңбек ететін болады.


ӘБУ ӘБІЛМӘЖІНОВ, ҚАРИЯЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, АРАЛАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

-  Осы Қызылжардан бастап Астанаға шейін ауыл көркейіп жатыр, жастарға ғұмыр беріп,с айлауымызды аман есен өткізіп, келіп, көріп жатрмыз қосылғанын.


Кәсіпкер құс фабрикасында еңбек ететін мамандарға қолайлы жағдай жасауда. Асхана, жуынатын бөлмелер ашылған. Одан бөлек өзге өңірлерден келетін жоғары білікті технологтарға ауылдан үй салынбақ.



Майгүл Сейілбек