Н.Погодин атындағы орыс драма театры 14-15 қазан күндері жаңа маусымын ашпақ. Қазіргі уақытта қызу дайындық жүріп жатыр. Биыл театр күзгі маусымды Александр Островскийдің «Волки и овцы» атты комедиялық спектаклімен ашпақ. 

 1887 жылы алғашқы қойылымын сахналаған Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры биыл 136 жаңа маусымын ашпақ. Бұл жолы да дәстүр бойынша көрермендеріне жаңа спектакль ұсынбақ. Сахнада жас актерлер де өнер көрсететін болады. 

 ТИМУР КӘРІМЖАНОВ, РЕЖИССЕР:
- Островскийдің «Волки и овцы» қойылымын көрерменімізге ұсынайық деп отырмыз.  Бұл спектакль театрымыздың сахнасында үшінші рет қойылады. Бірақ басты ерекшелік – кейіпкерлерді биыл жаңадан келген жас әртістермен сомдаған. Сонымен қатар алда Батыр Қалаевтың режиссерлығымен «Қозы-Көрпеш Баян-Сұлу» спектаклі де көрерменге жол тартады. 

 «Волки и овцы» комедиялық спектаклінде адамдар қасқырлар мен қойларға бөлініп көрсетіледі. Тәжірбиесіз, аңғал, ашық адам жыртқыштар үшін оңай олжа ма? – деген сұраққа өз жауабын береді.   

 АНТОН ШПИГОЦКИЙ, ТЕАТР ӘРТІСІ
:
- Негізі өзім Петропавлдықпын. Өткен жылы Щепкин атындағы жоғары театр училищесін аяқтап осында келдім. Мұндағы әріптестерім мені жылы қабылдады.  Алда қойылатын «Волки и овцы» спектаклінде мен 24 жасар Мурзавецкий Викторовичтің рөлін сомдаймын. Әрине басты рөл емес, дегенмен өте маңызды кейіпкерлердің бірі. Қойылымда адам кейіпін қасқырлар мен қойлар деп екіге бөліп көрсетеміз. Қасқырлар бұл көбінесе қоғамда өзіне бар жауапкершілікті алатын не алуға ерік-жігері жететін жандар. Ал қойлар көбінесе олардың дегенімен жүретіндер. 
 
Айта кетейік Н.Погодин атындағы орыс драма театрында Александр Островскийдің бүгінге дейін 45 шығармасы сахналанған. 

АЙНҰР ДОСАН