Петропавлда заңсыз қоқыс алаңдары көбейді. Өйткені, тұрғындар қалдықтарды шығаратын компаниямен келісімшартқа отыруға асықпайды. Салдарынан қоқыс көше бойында тау боп үйіліп жатыр. Мұндай жағдай, әсіресе жеке секторда орын алады. «Береке» ықшам ауданындағы сондай алаңдарда тілшіміз Мағжан Ахмадина болып қайтты.

 МАҒЖАН АХМАДИНА, ТІЛШІ:
-
Батыр Баян көшесі бойында тау боп үйлген қоқысты әр аялдама мен үйдің маңында көруге болады. Аяқ аттам жерде орналасқан мұндай картина қаланың көркін ғана бұзып қоймай, тұрғындарға да ыңғайсыздық туғызуда. Өйткені, иісі қолқаны қабады.

 Ал мына күл-қоқыс дәл балабақшаның маңында шашылып жатыр. Бұрын бұл жерде арнайы жәшіктер тұрған. Кейін оны тұрғындар ақшасын төлемеген соң қалдық шығарумен айналысатын компания алып тастаған. Бірақ петропавлдықтар баяғы әдетінше, қоқысты осы жерге әкеліп үйе беретін көрінеді.

МҰРАТ ЕСМҰҚАНОВ, «КОММУНСЕВЕР» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
-
Жеке секторда тұратындар қоқыс шығару қызметі үшін ақы төлегілері келмейді. Біздер тұрмыстық қалдықтарды осы ауданнан 2 жылдай тегін тасып келдік. Бірақ тұрғындар келісімшартқа отыруға асықпады. Тек 30 пайызы ғана құжатқа қол қойды. Ол әрине жеткіліксіз. Сосын жәшіктерді алып тастадық.

Осындай әрекеттен енді тұрғындардың өздері зардап шегуде. Өйткені, күн өткен сайын қалдық жайылып, иісі маңайды алып кеткен. 

- Бензастройдың бүкіл үйлері әкеледі. Жер үйлері. Әр екі үй сайын контепйнер қойса ғой. Біздің осы көше бойы свалка. 

- Жәшік болмаса  қоқысты қайда апаруым керек? Әрине, мен бұл жерге төгіп көрмеппін, бірақ барлығы осында тасиды. Өйткені, басқа тастайтын жер жоқ. Келісімшартқа отыру керек деп бізге ешкім айтқан емес. Олай болса, әрине келісер едік.

Мұндай жағдай тек «Береке» ықшам ауданында ғана емес, жеке сектор орналасқан өзге де аудандарда кездеседі дейді полиция қызметкерлері. Олар белгіленбеген жерге қоқыс төгетін жандармен күрес жүргізуде. Заңсыздыққа барғандарға әкімшілік хаттама торлтырылып, айыппұл салынады. 
 
 БЕЙБІТ ӘЛІМЖАНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ЖПҚ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ:
- 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ол 15 315 теңге. Егер ол әрекетімен келіссе, ол жарты бағасын төлей алады. 22 хаттама салынды. Жалпы сомасы 130 мың теңге болады. Хаттама салған кезде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.

Алдағы уақытта қалалық әкімдік заңсыз ашылған қоқыс алаңдарын тазартады. Бірақ кейін жағдайдың қайталанбасына кім кепіл? Сондықтан мамандар тұрғындарды келісімшартқа отыруға шақырады. Бүгіндері шаһарда 4 компания тұрмыстық қалдықтардлы шығарумен айналысады. Петропавлдықтардың оларға қарызы 28 млн теңгені құрайды. Тек «Береке» ықшам ауданының халқы «КоммунСевер» серіктестігне 4,5 млн теңге берешек екен. Еске сала кетейік, қазіргі таңда қоқыс шығаруға арналған тариф - 220-230 теңгені құрайды.