Сафуан Шәймерденовтің ғасырлық мерейтойы жазушының туған жері  Жамбыл ауданының Амангелді ауылында да тойланды. Іс-шараға Астана, Алматы қалаларынан қонақтар келді. Меймандар жазушының туып-өскен үйінде болып, оның құрметіне арналған «Шәймерден әулетінің қарашаңырағы» атты мемориалдық тақтаның ашылу рәсіміне қатысты. Бұл күні елді мекен маңында ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, мол дастархан жайылды.

 
Жамбыл ауданына қарасты Амангелді ауылына табан тіреген меймандар ең алдымен бейіт басына соғып, Сафуан Шәймерденовтің әке-шешесіне және туған-туыстарына құран бағыштап, дұға жасады. Содан кейін жазушының туып-өскен үйіне барды. Мерейтойлық іс-шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров та арнайы келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді. 

 БАУЫРЖАН ОМАРОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ:
-
«Сафуан Шәймерденов біздің ұлттық әдебиетімізді биікке көтерген классиігіміз ғана емес, ол ұлтымыздың ар-ұятына айналған үлкен азамат. Ол біздің қаншама ұрпаққа үлгі болатын өнегелі іс тындырған қайраткер. Қазақ жазушысы егер мықты болатын болса, көркем әдебиет арқылы ұлтты тәрбиелеу міндетін ғана емес, ол қайраткерлік міндет атқарады. Сол міндеттің биігінен табылған ағамыз кешегі желтоқсанда жастарды арашалап, республиканың ең биігінде тұрған кісілердің алдында өзінің ой тұжырымдарын айтты.»

Сафуан Шәймерденов 20-ға жуық кітаптың авторы. Ол Рабиндранат Тагор, Лев Толстой және басқа да авторлардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның «Битабар хикаясы» шығармасы жұмысшы тақырыбындағы ең үздік кітап ретінде Бүкілодақтық кәсіподақтар кеңесі мен КСРО Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты атанды. « Біздің ұлтымызда мұндай қайраткер һәм күрескер тұлғалар саусақпен санарлық», дейді Қазақстан жазушылар одағы басқармасының Төрағасы  Ұлықбек Есдәулет. 

ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:
- «Тұрмыс деген адамды билеп, жанын темірге техникаға айналдырып жібереді екен. Ал сол жан жүрегі қасаңданып кеткен адамды қайтадан темір күйінен адам күйіне алып келетін әдебиет екен. Ол әдебиеттің күші сондай дәрежеде. Жүрегінің қанын сияға айналдырып жазған адамды ғана нағыз жазушы деп атау керек деген сөз бар ғой. Сол нағыз жазушы еді ғой ол кісі. Қазақтың, ұлттың тұлғасы. Ар-ожданына айналған. Қазақтың намысын қорғаған.»

Жазушының тойында ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков те болды. Ол 1988 жылы Сафуан Шәймерденов пен бірге Амангелді ауылына еріп келіп, қонақ болыпты. Іс-шара барысында ол Сафуан Шәймерденовтің 100 жылдығына арнап өлең оқыды.

Сафуан Шәймерденовтің туып-өскен үйіне «Шәймерден әулетінің қарашаңырағы» деп жазылған мемориалдық тақта орнатылып, жиналған қауым гүл шоқтарын қойды. Қонақтар жерлесіміздің шаңырағына бас сұғып, жазушының ауылдағы кітапханасымен, естелік суреттерімен танысты. Айта кетейік Сафуан Шәймерденов 2007 жылдың 23 ақпанында дүниеден озды. 

 САЙЫН ШӘЙМЕРДЕН, С.ШӘЙМЕРДЕНОВТІҢ ҰЛЫ:
-
«Бұл қарашаңыраққа әкеміз тірі кезінде С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов те келген. Өзіне қатарлас жүрген Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақтың марғасқаларының бәрі осы үйде, қарашаңырақта болды. Сондықтан бұл шаңырақты ел көшіп кетсе де біз бұзбай сақтап отырмыз. Ауыл қайтадан орнына келеді деп ойлаймын. Себебі 150 жылдығы өтіп жатқан Ахмет Байтұрсұновтың ауылы екі рет жабылып, екі рет қайтадан орнына келген екен.» 

 Бұл күні жазушының кіндік қаны тамған Амангелді топырағында ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлан асыр той ұйымдастырылды. Сафуан Шәймерденов өзі өмірден өтсе де артына өлмес мұра қалдырды. Оның ерен еңбегі халық жадынан ешқашан  ұмытылмайды. 

                               
   
Нұрбол Балғабеков