Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары егін егіп, сапалы өнім алу қиындық тудырды. Егіс алқаптары болғанымен, оған сініретін дән, оны баптайтын арнайы техника, жаңар-жағар май қат еді. Алайда, болашаққа сенім, тынымсыз еңбек пен жоғары кәсібиліктің арқасында өңір диқандары қиындықты еңсерді, кәсіпті дөңгелетіп, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтерді.Солардың қатарында «Зенченко и К» КС-і де бар.
«Зенченко и К» КС-і 1991-ші жылдан осы күнге дейін мал басын 13,5 мыңға дейін көбейтті. Бастапқыда 4 мың 200 тонна сүт өндірілсе қазіргі кезде бұл көрсеткіш 37 мың тонна шамасында. Етті өндіру де үш есе артып 1 800 тоннаға жетті. Мұнымен қоса, серіктестік иелігінде 40мың гектар жер бар. Жыл сайын шаруашылық 1 гектардан 30 центнерге жуық дақыл алады. Серіктестік басшысы Геннадий Иванович мұндай жетістікке қол жеткізу тыңбай еңбек ету мен халықтың сенімінің арқасы дейді.
ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, «ЗЕНЧЕНКО И К» КС ДИРЕКТОРЫ:
- Бүгінгі таңда серіктестікте 1076 адам еңбектенді. Олардың барлығына еңбекақыны 20 пайызға өсірдік. Биыл қуаншылыққа қарамастан егін жақсы шықты. Әрине, бұл осында жұмыс істейтін білікті мамандардың еңбегі. Мәселен, биыл біз гектарынан 24 центнер бидай, 20 центнер рапс, 14 центнер зығыр, 30 центнер жүгері және дәл осынша картоп жинадық. Мен үшін бұл өте жақсы көрсеткіш.
Серіктестік Новоникольск ауылының тұрғындарының да жағдайын жасап отыр. Ауыл ішілік жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылған. Оралықтандырылған су мен жылу жүйесіне қосу мәселелер шешілді. Жаңа үйлер салынып, мектеп пен мәдениет үйінде күрделі жөндеу жүргізілді. Хоккей корты, бассейн, балабақшалар мен фельдшерлік-акушерлік пункт және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтерді.
ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, «ЗЕНЧЕНКО И К» КС ДИРЕКТОРЫ:
- Серіктестік биыл 1мың тонна картоп сақтауға арналған жаңа қойманың құрылысын аяқтады. Қазір 8 қатарлы 800 басқа шақталған ферма салынып жатыр. Аққайың ауданында да 2 мың басқа шақталған кешен іске қосылды. Осылайша 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.
Ұрпақтар жалғастығының ерекше үлгісі, ата кәсіпке адалдық, жеке жетістіктерімен шектеліп қалмай, туған жерінің өркендеп-гүлденуіне атсалысу – мұның бәрі Зенченко отбасына тән қасиеттер екенін жұртшылық жақсы біледі. Геннадий Зенченко әкесі бастап кеткен істі абыроймен атқарып келеді.
Майгүл Сейілбек