Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын арнайы штаб қадағалайды. Мониторинг жұмыстары облыс орталығынан бөлек, аудандар да апта сайын жүргізіліп тұрады. Бүгінде қаланың 100-ге жуық сауда орны аумақтық және жергілікті атқарушы органдарға бекітілген. Оның қорытындысы бойынша кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы талдап, тауар қымбаттаған жайғдайда оның себебі анықталады.

Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне 19 тауар кіреді. Оның 14-і бойынша тұрақтандыру қорына түрлі өнім сатып алынған. Олардың барлығы да жергілікті тауар өндірушілерден алынған. Оның ішінде қарақұмық, күріш, өсімдік майы, ұн, макарон өнімдері, қант және тағы да басқа тауарлар бар. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Медет Оспановтың айтуына қарағанда осы жылы қорға 3 мың тонна ұн және 1,5 мың тонна көкөніс сатып алынатын болады.

МЕДЕТ ОСПАНОВ, СҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

- Облыс орталығын сүт өнімдерімен жергілікті ірі сүт тауарлары қамтып отыр. Олардың бағасы тұрақты. Ал, ұн мен нан және макарон өнімдерін бағасын тұрақтандыру үшін облыстық әкімдік кәсіпкерлермен бір келісімге келді. Жұмартқа да тікелей өңірдің құс фабрикаларынан жеткізіледі. 

Бүгінде бөлшек саудада  қант мен сұйық майдың қымбаттағаны байқалады. Оны өндіруші зауыттар көтеріп жіберген. Мысалы Тараз бен Көк су қант комбинаттары оның келісін 285 теңгеден сатады. Айта кетейік, облыс орталығында әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрменкесі ұйымдастырылады. Онда өнім нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан. Комиссия жұмыртқа, картоп пен қырыққабатқа шекті баға енгізуді ұсынды.