Петропавлдық шебер Ерғали Сәткенов қазақ батырларының сауытын өз қолымен жасап шығарды. Салмағы 10 келіге жететін бұйымды ол жарты жылдан артық уақыт істепті. Кейбір тарихи дерек көздерінде темір сауыт алғаш рет Х-ХІ ғасырда еуропада жасалған деп айтылып жүр. Отандық тарихшылардың айтуынша, бұл пікір жаңсақ. Археологиялық қазбалар көрсеткендей, алғашқы сауыттар қазақ жерінде пайда болған. Оны ІІІ-ІV ғасырда авар тайпасы жасапты.
Археологиялық қазбаларда сауытың көптеген түрі табылып жатыр. Тарихшылардың мәліметінше, бұл бұйымды жаугершілік заманда әр шебер өзінше жасаған. Кең тарағаны күбі сауыт. Жергілікті шебер Ерғали Сәткенов оның 10 шақты түрі бар дейді. Соның бірін өз қолымен құрапты.
ЕРҒАЛИ СӘТКЕНОВ, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ӨНЕР ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:
- Қылыштың жүзі мына темірлерге тіреліп қалады. Металдың дөңес жағын үстіне қаратады. Жасалу механизімі осындай. Білімнің таяздығынан суретшілердің көбі оны суретте керісінше салып жүр. қазақтарда сауыттардың омыраулары ашық тұрады. Ол тұсты бақ орны деп атайды. Қазақтар бағың болса аман қаласың дейді.
Ерғали Сәткенов күбі сауытты 8 айдың ішінде жасап шығыпты. 1 шаршы метр металдан жасалған бұйымның салмағы 10 келі тартады. Қалыңдығы 4 мм –лік сауытқа жебе өтпейді, қылыш батпайды.
ТЕМІРХАН ХАКІМОВ, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
- Бұл сауыт киім сияқты. Еркін қозғала аласың. Ағайдың айтуынша, сауытты толық жинағанда 15 келіге дейін тартады. Осыған қарап сол кездегі батырлар мен оны астындағы сәйгүлігі төзімді болғанын топшылай беруге болады.
Барлық тарих көздерінде темір сауыт алғаш рет Х-ХІ ғасырда еуропада жасалған делініп жүр. Отандық тарихшылардың айтуынша, бұл пікір жаңсақ.
ЕРҒАЛИ СӘТКЕНОВ, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ӨНЕР ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:
- Тарихи деректер бойынша, қара темір сауытты жер бетінде алғаш рет Алтай өлкесіндегі Авар тайпасы жасап бастаған деген мәлімет бар. Осындай торғауыл сауыттар аварлардың әскерлерінде ғана емес, жылқыларының үстінде де болған. Мұны авар тайпасы еуропалықтардан бұрын, яғни ІІІ-ІV ғасырда жасаған. Аварлар кавказ арқылы еуропаға қарай көшіп осы өнерді сол жаққа таратқан деген пайым бар.
Тарихшылардың айтуына қарағанда, жаугершілік заманда қазақ жерінде сауыттар темірден ғана емес, бұқаның қатқан терісінен, малдың жауырын сүйектерінен жасалыпты. Темір сауыттар негізінен атақты батырлар мен бай-шонжарларда ғана болған дейді.
Берік ҚАСЕН