Виктор Федорович Зайберт - бүкіл өмірін археологияға арнаған көрнекті ғалым. Оның көп жылғы еңбегі мен қажырлы зерттеулерінің арқасында әлем Атбасар және Ботай мәдениеттерінің бай мұрасы туралы білді. Ел тарихына қосқан елеулі үлесі үшін жерлесіміз жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды.

Қазақстандық ғалым жылқының Қызылжар өңірінде алғаш рет қолға үйретілгенін ғылыми тұрғыда дәлелдеді "Ботай» қонысы бірегей ескерткішінің әлемге танылуына көп тер төкті. Сондықтан «Ботай десе – Зайберт, Зайберт десе – Ботай» деген тіркестер бүгінде қатар айтылатын болған. Ғалымның лауазымдарын тізбелеп жатудың да қажеті жоқ, оны баяғыда-ақ әлем мойындап қойған. Бүгінде Ботай ЮНЕСКО-ның тізіміне алынып, мұнда табылған археологиялық жәдігерлер саны 120 мыңнан асты.

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин облыстың бірқатар азаматына мемлекеттік марапаттарды табыс етті. Виктор Зайберт "Парасат "орденінің иегері атанды.  

Бұған дейін өз қызметі үшін "Ғылым көшбасшысы" беделді марапатына ие болған, II дәрежелі "Достық" ордені, Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық медальдарымен де наградталған.  Виктор Федорович сүйікті ісі археологияға бар ғұмырын арнап келеді.

ВИКТОР ЗАЙБЕРТ, тарих ғылымдарының докторы:

- Көптеген мыңжылдықтар бұрын Қазақстан адамзат эволюциясында тың жаңалық ашып, жылқыны қолға үйрету арқылы көлікпен жүруді ойлап тапты. Адамзат бірнеше миллион эволюциялық дамудан кейін жаяу жүрістен жылқыға ауысты. Бұл құбылыстың тарихи мәні өте зор.Сондықтан қазақ жылқысы Ботайдан бастау алады деу әбден заңды.

Археология-бұл ұжымдық ғылым. Виктор Федорович М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да көптеген жылдар бойы жұмыс істеді.

АНАТОЛИЙ ПЛЕШАКОВ, KOZYBAYEV UNIVERSITY ПРОФЕССОРЫ:

- Ол бүкіл өмірін археологияға арнады, ол археологияда жұмыс істеу үшін институтқа түсті. Бүгінгі күнге дейін оның осы ғылымға бергені өлшеусіз. Мен оны еңбекқор, өз ісіне өте жауапты және көңілді, мойымайтын адам ретінде білемін.

Виктор Зайберттің Солтүстік Қазақстанның ежелгі тарихы мен археологиясы бойынша 100-ден астам монографиялар мен ғылыми мақалалары жарық көрген. Ғалым өмірінің 40 жылдан астам уақытын Қазақстан және бүкіл Еуразия құрлығының ежелгі тарихын зерттеуге жұмсаған.