23 сәуір - бүкіл дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні. Аталмыш  күн 1995 жылдан бастап  аталып өтіледі. Мерекеге орай өңірдегі С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханасында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Шара барысында өңір белсенділері өздерінің  сүйікті авторларымен және  шығармалар  тізімімен бөлісті

Қазіргі уақытта жастар арасында кітапқа деген қызығушылық төмен. Осыған орай оқырманды тарту мақсатында кітапхана қызметкерлері  аталмыш датаны жыл сайын атап өтеді екен. Жиын барысында «Жас кейіпкер менің елімнің әдебиетінде» атты кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, тәрбиелік мәні бар шығармалар тізімімен де бөлісті.

АЛЕКСАНДРА ОТТ, МЕДИЦИНА КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:

- Қазіргі уақытта шындығын айтқанда жастар арасында кітапқа деген қызығушылық өте төмен. Аталмыш шаралардың тәрбиелік мәні жоғары. Мен өзім медицина саласында білім алғаннан соң, қызығушылығым да осы бағытта. Түрлі жігерлендіретін кітаптар оқуға кеңес беремін. 

Кітапханада сонымен қатар, атақты драматург Шекспирдің  455 жылдығына орай «Біз Шекспирді оқимыз» атты облыстық мәнерлеп оқу конкурсы өтті. Өңірдің түпкір-түпкірінен үздік деп танылған 40 оқушы өз бақтарын сынады. Қатысушыларға қойылған талап ағылшын тілінде Шекспирдің шығармаларынан үзінді оқу. Солардың бірі – Марианна Кехян. Ол Есіл ауданының намысын қорғап келген. Шекспирдің «сонет 18» шығармасын орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.

МАРИАННА КЕХЯН, ҚАТЫСУШЫ:

- 16 ғасырда өмір сүрген Шекспирдің шығармашылығы  маған өте қатты ұнайды. «Сонет 18» әні  менің жаныма жақын. Сондықтан да бүгін осы әнді дайындап келдім. Көп уақыт дайындалдым деп айтпаймын, бірақ өз орындауым көңілімнен шықты.

Кітап-сарқылмас рухани қазына деп бекерден-бекер айтылмаса керек. Рухани  байлықты сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, білім мен тәрбиенің көзі.

Жансая ҚАЙЫПОВА