Жерлес жазушы Ғабит Мүсіреповтің махаббат дастанының желісімен жазған трагедиялық пьесасы - «Қозы Көрпеш – Баян сұлуға» биыл 80 жыл толып отыр. Осыған орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада сурет көрмесі өтті.толығырақ келесі бейнематериалымызда.

13-14-ші ғасырларда халық арасында кең таралған Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббат дастаны тек 19 ғасырдың  орта тұсында қағаз бетіне түсірілген екен. Ал  жерлес жазушы  Ғ.Мүсірепов Қозы мен Баянның трагедиялық пъессасын 1939 жылы сәуірінде жазып шығады.  Пьеса алғаш рет Қазақ академиялық драма театрында режиссер Михаил  Насоновтың сахналауымен 1940 ж. 29 сәуірде көрермен назарына ұсынылды. Шығарма бірнеше рет орыс тілінде басылған, эстон тілінде кітап болып шыққан.

ЕЛЕНА ЦАРЕВА, ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ КӨРКЕМ СУРЕТ МЕКТЕБІНІҢ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ҰСТАЗЫ:

- Ғабит Мүсірепов осы махаббат дастанының желісіміен пьеса жазғанына биыл 80 жыл толып отырғандықтан  біз өнерге жақын оқушылар мен жасөспірімдер арасында облыстық сайыс ұйымдастырдық. Сайысқа 6 мен 16 жас аралығындағы 100-ге жуық бала қатысты. Барлық суреттер осы Қозы мен Баян туралы шығармаға арналды.

Жас дарындар заманауи техникаларды, сонымен қатар акварельді бояулар, графикалық техника, түрлі –түсті қарындаштарды пайдаланып, өздеріне жақсы таныс пьессаның басты кейіпкерлері мен олардың бір-біріне деген таза сезімдерін қағаз бетіне түсіре алды. Виктория Сеньковская өзінің әлі бала екеніне қарамастан Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың арасында болған кіршіксіз сезімнің құндылығын жақсы түсінеді.

ВИКТОРИЯ СЕНЬКОВСКАЯ, ОҚУШЫ, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

- Мен суретімде Баян Сұлудың өз ғашығына арнап, өлең айтқан сәтін бейнеледім. Суретте Баян киіз үйдің жанында тұр, жолдың арғы бетінде Қозы бар. Сонымен қатар мен сұлу табиғатты салуға тырыстым. витраж техникасын пайдаландым және кейбір бөліктерін фломастермен көркемдедім.

Қазақтың қос ғашығына арналған сайыс-көрмеде оқушылар бір-бірінің жұмысына бағаларын беріп, өзара пікір алмаса алды. Шара соңында жас суретшілер дипломдармен марапатталды.

Майгүл СЕЙІЛБЕК