Петропавлда полиция қызметкерлері студенттермен кездесті. Мақсат – жастарды ведомствоға жұмысқа орналасуға шақыру. Бүгінгі таңда облыста ішкі істер органдарындағы тергеушілер мен анықтаушылардың 23 пайызын еңбек өтілі бір жылға жетер-жетпес жас мамандар құрайды.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесуге Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин келді. Ол осы жылдың 1 шілдесінен бастап тергеу бөлімшелері қызметкерлерінің жалақысы 55 пайызға көтерілгендігін айтты. Бұл жаңашылдық жас мамандар үшін жақсы ынталандыру болып отыр.

ЕҢБЕК СЕМБИН, СҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Сынақ мерзімін өту туралы Департамент басшысының бұйрығы шыққан соң сіздер бірден жалақаы ала бастайсыздар. Ал шен алғаннан соң ғана сізге толық еңбекақы төленеді.

Полиция басшылығы мен студенттер арасындағы өткен кездесу барысында тергеушілер мен анықтаушылардың беделін көрсететін бейне роликтер көрсетілді.

РАУШАН БАКЕЕВА, СҚО ПД АҒА АНЫҚТАУШЫСЫ:

- Кездесудің басты мақсаты - жастарды анықтаушы мен тергеушінің жұмысымен таныстыру, түсіндіру,  біздің жұмысымыздың артықшылықтары туралы айту, бізге қызметке келерде қандай қиыншылықтар болуы мүмкін екенін айтып, таныстыру.

Заң факультетінің 4 курс студенті Данияр Шәмшүменов оқу орнында алған теориялық білімімен бөлісті.

ДАНИЯР ШӘМШҮМЕНОВ, СТУДЕНТ:

- Әрине тергеушінің басты мақсаты ол қылмысты ашу. Тағыда тергеушінің жұмысы өте маңызды себебі, жедел тергеу әркеті орын алған кезде іске қатысты дәлелдеме жиналады. Ал осы дәлелдеме ол соттың әділ шешім шығаруы үшін үлкен мағына білдіреді. Сол себептен тергеушінің жұмысы өте маңызды.

Полиция қызметкерлерінің коммуналдық қызмет ақысы төленеді, сондай-ақ олар басқалардан ерте зейнеткерлікке шығады.

Әсел ОРАЗБАЕВА