Облыстық балалар ауруханасындағы консультативтiк-диагностикалық  сурдологиялық кабинет 2013 жылы іске қосылған. Оның мақсаты - туғаннан бастап 15 жасқа дейiнгi балаларда есту қабiлетiнің бұзылғанын   анықтау.

Жаңа туған нәрестелерде есту қабілетінің патологиясы жиілеуде.  Балалар дәрігерлерінің пікірінше, енді мұндай диагнозды сәби дүниеге келісімен-ақ анықтауға болады. Статистика бойынша  еліміз бойынша 10 мың баланың үшеуі есту қабілетінің ақауымен дүниеге келеді. Ата-аналар көбінесе баласының естімейтіндігін байқамайды. Ал бұл оның психологиялық дамуына кері әсер етеді. Сондықтан дертті ерте анықтау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Скринингтің алғашқы кезеңі босанатын әйелдерге дәрігерлік жәрдем беретін ұйымдарда басталады, келесі кезеңі емханаларда өткізіледі.  Бірінші тексеру нәтижесінің оң болмауы баланың құлағы естімейді дегенді білдірмейді, өйткені салмағы аз, шала туған нәрестелерде есту нейрондары кеш қалыптасады. Сол себепті, мұндай сәбилерді 4-6 аптаға толысымен екінші рет тексереді. Егер екінші тексеруде де сәбидің құлағы естімейтіні анықталса, сәбиді отаға   дайындайды. Өйткені нәресте екі жасқа толғанға дейін ота жасалуы керек, бұл ота кезінде оның құлағына кохлеарлы имплант орнатылады. Анастасия Козлова бүгін кішкентай Софияны кезекті медициналық  тексеріске әкелді. Жаңа қондырғының арқасында бұл үрдіс небары 5 минуттың өткізілді.

Тексерістердің  барысында облыстық балалар ауруханасында 2 жыл ішінде 6 сәбидің есту қабілетінің терең бұзылғаны анықталды. Айта кеткен жөн, ерте шара қолдану арқылы баланың ақыл-ойы дамуының тежеліп қалмауына тосқауыл қойылады.

 

Лаура ТӘЛІПОВА