Жас дәрігерлерге ерекше құрмет көрсетілді
17 қараша — Дүниежүзілік шала туған нәрестелер күні. Осы датаға орай облыстық перинаталдық орталықта жас мамандарға ерекше құрмет көрсетілді. Орталық ұжымына жаңадан қосылған жеті дәрігерге 5 миллион теңгеден қаржылай сертификат табысталды. Бұл қаражат көпбейінді облыстық аурухананың бюджетінен бөлініп отыр. Басты мақсат — өңірге білікті кадрларды тартып, ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру.
Облыстық перинаталдық орталықта Дүниежүзілік шала туған нәрестелер күні аталып өтті. Іс-шара аясында ұжымға жаңадан қосылған жас мамандарға ерекше құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, акушер-гинеколог, неонатолог және анестезиолог мамандығын игерген жеті дәрігерге қаржылай сертификаттар табысталды. Айта кетейік, перинаталдық орталық — көпбейінді облыстық аурухананың бес бөлімшесінің бірі. Мұнда жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетіліп, мерзімінен бұрын туған сәбилер ерекше күтімге алынады.
СНХР: НҰРЛАН АЙМАНОВ – КӨПБЕЙІНДІ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
Келісімшартқа сәйкес, жас мамандар орталықта кемінде бес жыл жұмыс істеуге міндетті. Бұл салада дәрігерлерді тұрақтандыру оңай емес. Өйткені жұмыс жоғары біліктілікті, жауапты шешімдер қабылдауға дайындықты және үлкен жүктемеге төзімділікті талап етеді. Дегенмен жүйелі қолдаудың арқасында бүгінде перинаталдық орталықта кадр тапшылығы жойылды. Атаулы датаға орай мұнда мерзімінен бұрын туып, дәрігерлердің күтімімен аман-есен өсіп келе жатқан балалар мен олардың ата-аналарының қатысуымен кездесу ұйымдастырылды. Жалпы, жыл басынан бері орталықта үш мыңға жуық сәби дүниеге келген. Оның 112-сі — мерзімінен бұрын туған нәрестелер. Ал он екі сәби бір келіге жетпейтін салмақпен туған.
СНХР: ЕЛЕНА КАЛЮЖНАЯ – «КӨПБЕЙІНДІ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНА» ШЖҚ КМК ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Соңғы төрт жылда өңірде мерзімінен бұрын босану үлесі 7 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі туу көрсеткіші ең төмен өңірлердің қатарына кіреді. Дәрігерлер жүктілікті жоспарлау кезеңіндегі әйел денсаулығының маңызы зор екенін атап өтті. Сондықтан мұнда аурудың алдын алуға, уақтылы тексерілуге және болашақ ата-аналарды сәби сүюге дайындауға ерекше көңіл бөлінеді.