Негізгі Жаңалықтар Оңтүстіктен Солтүстікке

Оңтүстіктен Солтүстікке

Өмірді жаңа парақтан бастап, теріскейден құтты қоныс тапқан отбасы. Тараздан көшіп келген Естілеуовтер әулеті Айыртау ауданындағы Новосветловка ауылына табан тіреді. Жаңа қоныстанушыларды жергілікті жұрт қазақтың ежелгі дәстүрімен «ерулік» беріп қарсы алды. Бұл көш ауылдағы серіктестіктің қолдауымен жүзеге асып отыр.

Нұрлыбек пен Дина Естілеуовтер - жеті қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Алдыңғы төрт қызы тұрмыс құрып, өз алдына отау тіккен. Ал кенже үшеуін ата-анасы оқу жылының екінші тоқсаны аяқталған соң Тараздан алдырмақшы. Новосветловкада отағасы «Арай Астық Групп» серіктестігінде механизатор болып еңбек етеді, ал жұбайы асханада аспаз болмақ. Шаруашылық басшылығы отбасын баспанамен қамтып, қоныстануына жан-жақты қолдау көрсетті. Жаңа көршілерін ауыл тұрғындары жылы шыраймен қарсы алып, ерулікке шақырып, ақ тілектерін жаудырды. Естілеуовтерге солтүстіктің сұлу табиғаты, кең даласы мен халқының қонақжайлылығы ерекше ұнаған. Ерлі-зайыптылар үшін бұл қадам - өмірдің жаңа белесіне бастайтын үлкен мүмкіндік. Айта кетейік, жергілікті шаруашылық ауылды көркейтуге бағытталған жобаларды жүйелі түрде қолға алған. Бүгінде елді мекен жолдарына қиыршық тас төселіп, тегістелді. Қыс мезгілінде жолдарды қардан тазарту жұмыстары да жолға қойылған. Бұдан бөлек, әр аулаға бір тоннадан бидай үлестірілді. Алдағы уақытта бос тұрған ғимараттардың бірі жөнделіп, оның ішінен медициналық пункт, серіктестік кеңсесі мен ауылдық клуб ашылмақ.

Бөлісу