Негізгі Жаңалықтар Бірлік ауылына– 90 жыл

Бірлік ауылына– 90 жыл

Бірлік ауылының 90 жылдық мерейтойына орай елді мекенде ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Туған жердің тарихы дәріптеліп, ауылдың бүгінгі тынысы мен жетістіктері көпшілікке таныстырылды. Мерекеге ауыл тұрғындарымен бірге ел ағалары, ардагерлер мен еңбек адамдары жиналды. 

Тоқсан жылдық тарихы бар Бірлік ауылының өткені арнайы көрмеде кеңінен таныстырылды. Мерейтойға арналған төрт шатырда музейлік жәдігерлер, қолөнер бұйымдары, заманауи технологиялар мен ауыл тұрғындарының еңбегі көрсетілді. 

Мерекелік жиынның негізгі бөлігі концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада Бірлік ауылының тарихы сахналанып, елді мекеннің қалыптасу кезеңдері мен бүгінгі тыныс-тіршілігі көрермен назарына ұсынылды.

Салтанатты іс-шарада Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ауыл тұрғындарын айтулы мерейтоймен құттықтап, Бірлік ауылының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді. Сонымен қатар, ауылдың тумасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Құдайберген Қалиевке туған жерінің өркендеуіне қосқан елеулі үлесі үшін арнайы құрмет көрсетіліп, шапан жабылды. Сондай-ақ бірқатар азамат мерейтой аясында түрлі марапаттарға ие болды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Рүстем Баймұқанов – ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған еңбек адамы. Ол 30 жыл бойы қой шаруашылығымен айналысып, төрт түліктің берекесін арттыруға өз үлесін қосты. Еңбегі еленіп, мерейтой аясында ауыл шаруашылығы саласының үздігі төсбелгісімен марапатталды. Бүгінде алты баланың әкесі, он екі немеренің атасы атанып, ұрпағына өнегелі жол көрсетіп келеді.

СНХР: РҮСТЕМ БАЙМҰҚАНОВ, ЗЕЙНЕТКЕР

Мерейтойдың көркін ұлттық спорт түрлері қыздырды. Қазақ күресі, асық ату, садақ ату, қой көтеру, жілік жару сынды сайыстар ұйымдастырылып, жүйріктер бәйгеде бақ сынады. Дүбірлі додаға жергілікті спортшылармен қатар, өңірдің әр аймағынан келген спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Ұлттық ойындар көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлап, мерекенің ажарын аша түсті.

Тоқсан жылдық тарихы бар ауылдың мерейтойына жиналған тұрғындар мен қонақтар да ақжарма тілектерін білдіріп, Бірлік ауылының береке-бірлігі артып, еңсесі биік елді мекенге айнала беруін тіледі. Туған жердің мерейлі мерекесіне ортақтасқан жұрт ауылдың бүгінгі жетістіктеріне қуанып, келешегіне сенім білдірді.

Кешкісін тұрғындар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, мерекелік кеш отшашумен қорытындыланды. Тоқсан жылдық тарихын төрге оздырған Бірлік ауылы осылайша мерейтойын атап өтті. Өткенін ұлықтаған елді мекен енді жаңа белестерге бет алып, келер ұрпаққа аманат болар игі істерін жалғастырмақ.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар