Негізгі Жаңалықтар Халықаралық серіктестік: студенттерге жаңа мүмкіндіктер

Халықаралық серіктестік: студенттерге жаңа мүмкіндіктер

Германияда білім алып, Қазақстанда еңбек ету. Қозыбаев университеті агротехнологиялық факультет студенттеріне арналған жаңа халықаралық жобаны жүзеге асыруда. Пилоттық бағдарлама аясында қазақстандық жастар Германиядағы жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының бірінде тәжірибе жинақтады. Енді олар алған білімін елдегі өндірісте қолдануда.

Қозыбаев университеті Қазақстан бойынша пилоттық жобаға қатысатын екі жоғары оқу орнының бірі атанды. Бағдарлама Германиядағы Вайенштефан-Трисдорф қолданбалы ғылымдар университетімен және қазақстандық бизнес өкілдерімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жобаға агротехнологиялық факультеттің 3-4 курсында оқитын үш студент қатысты. Олар төрт ай бойы Германияда білім алып, ауыл шаруашылығындағы заманауи тәсілдер мен технологияларды меңгерді. 

СНХ: ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, ҚОЗЫБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ – РЕКТОР

Студенттер Германияның аграрлық секторындағы озық тәжірибемен танысып, ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін зерттеді. Сонымен қатар пәнаралық жобаларға қатысып, заманауи технологияларды тәжірибе жүзінде қолданды. Оқу қорытындысы бойынша барлық қатысушы емтихандарын сәтті тапсырып, сертификаттарға ие болды. 

СНХ: МАГИРАШ ШАРИМОВА, «PRACTICAL TRAINEE TRIESDORF-KAZAKHSTAN» ЖОБАСЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ

Қазақстанға оралғаннан кейін студенттер білімін өндірістік тәжірибемен ұштастыра бастады. 5 тамыздан бері олар «CT AGRO» компаниясының өндірістік алаңында тәжірибеден өтуде. Ал диплом алғаннан кейін бағдарлама қатысушылары аталған компанияға үш жыл мерзімге жұмысқа орналасады. Осылайша жоба халықаралық білімді, практикалық дайындықты және нақты жұмыс орнын бір жүйеге біріктіріп отыр.

СНХ: НИЯЗ САТЫБАЛДЫ, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 3-КУРС СТУДЕНТІ

Жобаның тағы бір ерекшелігі болашақ мамандарды даярлауға бизнестің тікелей қатысуы. Студенттердің Германиядағы оқуына, тұруына, жол шығындарына және ай сайынғы шәкіртақысына «CT AGRO» компаниясы толық қаржылай қолдау көрсеткен.

СНХ: ФАРИЗА МҰҚАНОВА, «АГРАНОМИЯ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ» КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ

Жоба келер жылы да жалғасады. Қозыбаев университеті мен Германиядағы серіктестері 2026 жылдың күзінде келесі студенттерді іріктеп, оларды 2027 жылдың жазғы семестрінде Германияда оқытуға дайындықты бастамақ. Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы осылайша қазақстандық студенттерге шетелдік тәжірибені меңгеріп қана қоймай, елге оралған соң алған білімін нақты өндірісте қолдануға мүмкіндік беріп отыр.



Бөлісу

Аймақтық телеарналар