Бірлік ауылына - 90 жыл: тұрғындарға баспана кілттері табысталды
Солтүстік Қазақстан облысының 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылы да өзінің 90 жылдық белесін атап өтті. Ғасырға жуық тарихы бар елді мекенде осы айтулы датаға орай бірқатар әлеуметтік нысан жаңартылып, тұрғындарға жаңа үйлердің кілті табысталды. Мерейтой аясында ауылдың өткені ұлықталып, бүгіні мен болашағына бағытталған жобалар таныстырылды.
Бірлік ауылының мерейтойы тұрғындар үшін ерекше тартумен басталды. Әлеуметтік осал санаттағы жеті отбасы баспаналы болды. Салтанатты рәсімге Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы қатысып, жаңа үйлердің кілттерін табыстады. Қоныстой иелеріне ақжолтай тілектерін білдіріп, жаңа баспаналарына береке тіледі. Қоныстойға келген қонақтар жаңа үйлерді аралап, отбасылардың қуанышына ортақтасты. Мерекелік іс-шараға Бірлік ауылының тумасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Құдайберген Қалиев те қатысты. Ол туған ауылдың және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне елеулі үлес қосқан ел ағасы. Мерейтойлық іс-шараға ауыл ақсақалдары мен ардагерлері, елге белгілі азаматтар және арнайы шақырылған қонақтар қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышын бірге бөлісті.
Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аударған Имашевтар отбасы бүгінде төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Отағасы Нұркен Имашев Бірлік негізгі мектебінде күзетші болып еңбек етсе, жұбайы Жанат Құлымбетова аспаз болып жұмыс істейді. Алты балалы отбасы үшін жаңа баспана – көптен күткен қуаныш.
СНХР: НҰРКЕН ИМАШЕВ, БІРЛІК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Мерейтойлық іс-шара барысында ел тарихына тағзым ету де назардан тыс қалған жоқ. Жеңіс саябағында Отан үшін от кешкен азаматтардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухтарына құрмет көрсетілді. Сондай-ақ дәл осы саябақтың жанынан ауылдың 90 жылдығына орай «Ата-бабалар» саябағы ашылды. Мерейтой аясында ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымына да ерекше көңіл бөлінді. Балалар ойын алаңының жағдайы таныстырылып, ауыл балалары үшін жасалған мүмкіндіктер көрсетілді. Бұдан бөлек, Бірлік негізгі мектебіндегі спорт залы мен футбол алаңы да қонақтардың назарына ұсынылды. Жас спортшыларға волейбол және футбол доптары, сондай-ақ қажетті спорттық құрал-жабдықтар табысталды.
СНХР: ИРИНА КАРЛЫХАНОВА, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ
Бірлік ауылының 90 жылдық мерейтойы – елді мекеннің өткеніне тағзым етіп, бүгінгі жетістігін бағамдап, болашағына бағыт-бағдар айқындаған маңызды іс-шара болды. Тарихы тағылымға толы ауылдың өркендеуі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.