Негізгі Жаңалықтар СҚО полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалды

СҚО полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалды

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалды. Бұл қызметке полиция полковнигі Руслан Назаров тағайындалды. Жаңа ведомство басшысын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов таныстырды.  

Руслан Назаров ішкі істер органдарындағы қызметін 1998 жылы учаскелік полиция инспекторы ретінде бастап, жедел қызметтің барлық сатыларынан өтті. 2011 жылдан бері басшылық лауазымдарда еңбек етіп келеді. Ол Солтүстік Қазақстан өңірін жақсы біледі. Бұған дейін төрт жыл бойы облыстық полиция департаменті бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Осы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментін басқарған полиция полковнигі Абай Жүсіпов Қазақстан Республикасы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы болып тағайындалды.

Сонымен қатар, полиция генерал-майоры Бауыржан Әленов Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің жеті айдағы қызмет қорытындылары бойынша жедел кеңес өткізді. Кеңесте қол жеткізілген нәтижелер атап өтілді. Атап айтқанда, қылмыс деңгейі жалпы 15 пайызға төмендеген, мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары күшейтілген, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде.

Бауыржан Әленов интернет-алаяқтыққа, есірткі қылмысына, мал ұрлығына қарсы іс-қимыл және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты одан әрі күшейту қажеттігіне ерекше назар аударды.

Кеңес қорытындысы бойынша Бауыржан Әленов Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызмет басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар беріп, атқарылып жатқан жұмыстар өңірде «Заң мен Тәртіп» қағидатын одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. 




Бөлісу