Петропавл қалалық Полиция басқармасының ювеналдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесіп «Достық» сауықтыру лагерінде балалармен кезекті профилактикалық кездесу өткізді. Іс-шараға жүзден астам жас демалушы қатысты. Кездесу «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Тәртіп сақшылары балаларға жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерін еске салды. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз сағат 23:00-ден кейін тұрғынжайдан тыс жерде жүруіне қатысты заңнама талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар буллингтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Балаларға қорлаудың кез келген түріне жол берілмейтіні ескертілді. Мұндай жағдайларға тап болған жағдайда 102 нөміріне немесе «102» мобильді қосымшасы арқылы полицияға хабарлау қажеттігі айтылды. 

СНХР: ЗАРИМА ЖАКИНА – ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЮВЕНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ТОБЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқушыларға судағы және өрт кезіндегі қауіпсіздік ережелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу соңында өрт сөндіру техникасының мүмкіндіктері тәжірибе жүзінде көрсетілді. Өрт сөндіру автокөлігінің көмегімен балалар үшін сергітетін су бұрқағын ұйымдастырды.

Жазғы маусым бойы ювеналдық полиция қызметкерлері дәстүрлі түрде балалардың сауықтыру орталықтарында кезекшілік атқарады. Олардың басты міндеті – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ықтимал оқиғалардың алдын алу және оқушылардың жазғы демалысын пайдалы әрі қауіпсіз өткізуіне жағдай жасау.