Солтүстік Қазақстан облысында 87 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Әр этностың өзіне тән тарихы, салт-дәстүрі мен тілі бар. Бүгінде өңірде осы бай мәдени мұраны сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта қоғамдық жобалар жүзеге асырылып, білім беру, шығармашылық және спорт салалары арқылы этносаралық татулық пен мәдени әртүрлілік дәріптеліп келеді.

Өңірде 26 этномәдени бірлестік жұмыс істейді, оның 20-сы қоғамдық аккредитациядан өткен. Аудандарда 1,5 мыңға жуық адамды қамтитын 158 этнобағыттағы орталық қызмет көрсетеді. Бұл орталықтарда мәдени кездесулер, көрмелер, әдеби кештер, білім беру және спорттық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Жыл басынан бері өңірде 200-ге жуық іс-шара өткізілді. Олардың қатарында «Әралуандықтағы бірлік», «Жеңіс бірлікте», «АНК-kids» және «Халықтану» жобалары бар. Аталған бастамалар ұлттық дәстүрлерді сақтауға, жастарды тарихпен таныстыруға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді. Өңірдің мәдени әралуандығы – оның басты құндылықтарының бірі. Ол тұрғындарды өзара құрмет, түсіністік және ортақ тарих негізінде біріктіріп келеді.