Жаз мезгілінің басталуымен Петропавл тұрғындары арасында жаңартылған «Qyzyljar» экосаябағының жағажай аумағы ерекше сұранысқа ие. Оның ұзындығы 170 метрге ұлғайып, демалушылар үшін жайлы шезлонгтар, көлеңкелі шатырлар, көлдің көркем көрінісіне қарайтын фотозона және серуендеуге арналған ұзындығы 40 метрлік пирс салынды. Бүгінде бұл орын қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған.
Жағажайдан бөлек, экосаябақта белсенді демалысқа да барлық мүмкіндік қарастырылған. Оның аумағында жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын велосипед, жүгіру және серуендеу жолақтары төселген. Өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі саналатын экосаябақтың құрылысы әлі де жалғасып жатқанына қарамастан, «Qyzyljar» экосаябағы қазірдің өзінде қала тұрғындары ең көп баратын демалыс орындарының біріне айналды.