Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Туған жер – талант пен шабыттың бесігі» атты салтанатты іс-шара өтті. Мұнда Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің әдебиет саласындағы стипендиясы өңірдің бірқатар қаламгеріне табысталды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов, жазушылар, ақындар мен жастар қатысты.

Іс-шара 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай ұйымдастырылды. Жиында қонақтарды «Әлқисса» фольклорлық ансамблі қарсы алды. Сонымен қатар, «Туған жер – талант пен шабыттың бесігі» атты кітап көрмесі ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жергілікті қаламгерлерді қолдап, оларға жаңа шығармашылық серпін береді.

СНХР: ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ СҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Жиын барысында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов әдебиеттің қоғамдағы рухани құндылықтарды қалыптастырудағы маңызды рөліне тоқталып, қаламгерлерді құттықтады.

Салтанатты іс-шарада бес қаламгерге арнайы стипендия табысталды. Атап айтқанда, Зарқын Тайшыбай, Жақсыбай Самрат, Нұргүл Оқашева, Сағындық Рақымжан және Ирина Матвеева өңір әдебиетінің дамуына қосқан үлесі үшін 500 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды.

СНХР: НҰРГҮЛ ОҚАШЕВА, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, АҚЫН

Бұл іс-шара қаламгерлер еңбегіне деген құрметтің және олардың өңірдің рухани мәдениетін дамытуға қосқан үлесінің айқын көрінісі болды.