Өткен демалыс күндері Петропавл қаласының тұрғындар мен қонақтары көктемнің келуін бірге атап өтті. Қаланың басты көшесінде жаңару, достық пен бірліктің белгісі саналатын мереке — Көрісу күні кең көлемде ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шаралар қала тұрғындарын бір алаңға жинап, ұлттық дәстүрді дәріптеуге мүмкіндік берді.
Көрісу күні Петропавлдың жүздеген тұрғыны мен қала қонақтарын бір алаңға жинады. Жиналғандар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, қуаныштарымен бөлісті. Қалада көктемгі жаңару мен шаттыққа толы ерекше атмосфера қалыптасты. Әуезді музыка, сәнді ұлттық киімдер мен мерекелік көңіл-күй шаһардың ажарын аша түсті. Шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламалары қала орталығында ұйымдастырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар қала тұрғындары солтүстікқазақстандықтарды көктем мерекесімен құттықтап, ақжарма тілектерін арнады.
Сонымен қатар, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова қала тұрғындары мен қонақтарын 20 наурыз — Ұлттық спорт түрлері күніне орай өтетін іс-шараларға тұрғындарды белсенді қатысуға шақырды. Оның айтуынша, бұл күні қалада бірқатар жарыстар ұйымдастырылмақ.
ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Мерекелік шеру қаланың басты алаңында аяқталды. Ұзындығы екі шақырымнан асатын Қазақстан Конституциясы көшесімен жүріп өткен тұрғындар мен қонақтар облыс әкімдігі алдына жиналды. Сондай-ақ, шеруде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандықтарды Көрісу күнімен құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СҚО ӘКІМІ
Көктем мерекесіне орай өңірде ондаған мәдени және спорттық іс-шаралар жоспарланған. Наурызнама онкүндігінің әрбір күні ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған. Өңір басшысының айтуынша, биыл Наурыз мерекесін өткізу барысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданылмақ.