Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана қабырғасында көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Бибі-ана» қайырымдылық қорының президенті Бибігүл Иманғазинаның «Бибі-Сана» атты кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, оқушылар мен студенттер қатысты.

 «Бибі-Сана» —оқырман қауымға кеңінен танымал «Тауқымет» роман-трилогиясының толықтырылып, өңделген жаңа нұсқасы. Үш бөлімнен тұратын шығармада адам тағдыры, өмірдің ащысы мен тұщысы, күрес пен үміт тақырыбы кеңінен қозғалады. Айта кету керек, роман 1994 жылы «Ең оқырман кітап» республикалық байқауында бірінші орынды иеленген. Жазушы бұл еңбегінде өз өмірінде бастан өткерген қызығы мен қиындығы аралас оқиғаларды көркем тілмен өрнектейді.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ , ЖАЗУШЫ, ЖУРНАЛИСТ

Тұсаукесер барысында кітаптың негізгі идеясы мен мазмұны кеңінен талқыланды. Қаламгердің өмір шындығын роман арқылы жеткізу шеберлігі ерекше атап өтілді. Шығармада тағдыр тауқыметі, рухани беріктік пен адам жанының терең иірімдері бейнеленеді. Қатысушылар мұндай туындылардың бүгінгі жас буынға ой салып, өмірге деген көзқарасын қалыптастыруда маңызы зор екенін айтты.

ДИАС АЯҒАН, М. ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІ МАГИСТРАНТЫ

Рухани құндылықтарды дәріптеген кеш мазмұнды пікір алмасуға ұласты. Аталмыш кітап оқырманды адамгершілік, төзім мен сенім секілді асыл қасиеттерді бағалауға үндейді.