9 ақпанда ауысым соңында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Арман Оразбай мен Владимир Моисеев «Жезқазған — Петропавл» автожолының апат қаупі жоғары учаскесінде қызмет атқарып жүрген. Сағат 19:00-ден кейін оларға «Chevrolet Niva» автокөлігінің жүргізушісі көмек сұрап жүгінді.

Ер адам жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі екенін, жеке автокөлігімен Явленка ауылынан Петропавл қаласына толғағы басталған әйелді жеткізіп бара жатқанын айтып, жол бойында ілесіп жүруді сұраған.Жағдайды бағамдаған полицейлер толғатып жатқан әйел мен акушерді жылдамдығы жоғары қызметтік «Hyundai» автокөлігіне ауыстыруды ұсынды. Рөлде отырған полиция капитаны Владимир Моисеев арнайы дыбыстық белгі арқылы әйелді он минутта облыс орталығындағы Перинаталдық орталыққа жеткізді. Ол жерде медицина қызметкерлері алдын ала күтіп алған. Осыдан кейін патрульдік полиция қызметкерлері өз қызметтік міндеттерін орындауға қайта кірісті.