Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Құжатқа енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітеді. Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделген. Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады. Әзірге конституциялық комиссия халықтан келіп түскен ұсыныстарды жан жақты талқылап, тиісті түзетулер әзірлейді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ


ПРЕЗИДЕНТ: ІШКІ ЖАЛПЫ ӨНІМ ӨСКЕН САЙЫН АЗАМАТТАРДЫҢ НАҚТЫ ТАБЫСЫ ДА КӨБЕЮІ КЕРЕК 

Жиын барысында Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына да тоқталды. Әр саладағы проблемаларды айтып, шешу жолдарын да айқындады. Мәселен, тұрақты әрі қалыпты инфляция көрсеткішін және мемлекет қаржысының теңгерімді болуын қамтамасыз ету. Жаппай цифрландыру және барлық салаға жасанды интелектіні енгізу. Экономикалық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға тиіс, - деген мемлекет басшысы. Үкіметке ішкі жалпы өнім артқан сайын азаматтардың нақты табысы да көбеюі керек деген талап қойды.