Милан Олимпиадасының спорттық сайыстары басталды. «Қазақстан» байрақты бәсекені телерадиокорпорациясы бүгіннен бастап көрсетеді. Жарыстарды еліміздің ең үздік комментаторлары жүргізеді. Сонымен бірге, Италияға аттанған түсірілім тобы эксклюзив сұхбаттар мен Ақ ойындардың атмосферасын жеткізеді. Бұл туралы корпорацияның Олимпида ойындары телетрансляциясына арналған ресми таныстырылымында айтылды.
«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары Олимпиаданы трансляциялауға сақадай сай. Екі арна да күн сайын Ақ ойындардың шолуын ұсынады. Сонымен бірге, «Милан-Кортина-2026» студиялық бағдарламасы көрерменге жол тартады.
НАҒИ БАҚЫТБЕК – «QAZSPORT» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жиырма бесінші Қысқы Олимпиада ойындарына 93 елдің 3 мыңға жуық спортшысы қатыспақ. Олар спорттың 8 түрінен 16 дисциплина бойынша бақ сынайды. Төртжылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан намысын 36 спортшы қорғайды.
СЕРІК ЖАРАСБАЕВ – ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Министрлік пен Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері спортшылардың оқу-жаттығу жиындары ойдағыдай өткенін айтады. Оларды дайындау үшін шетелдерден 13 жаттықтырушы-кеңесші шақыртылған. Ведомство өкілінің айтуынша, атлеттер бабында. Сонымен бірге, Олимпида комитеті үздік нәтиже көрсетеді деген бірнеше спортшыға стипендия бөлген.
ӘЛІМЖАН АҚАЕВ – ҚР ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІНІҢ БАС ХАТШЫСЫ
Қазір спортшыларымыздың басым бөлігі Италияға жетті. Саңлақтарымыз жанкүйерлерін қолдау көрсетуге шақырды.
Дүниежүзі көз тіккен жаһандық доданың ашылу салтанатын 6 ақпан сағат 23:55 те «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Ұлттық құрама спортшыларына сәттілік тілейміз. Алға, Қазақстан!