СҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдегі егін жинау науқанының барысын бағамдап, ірі аграрлық нысандарды аралады.

Өңірде орақ науқаны жоспарлы түрде жүріп жатыр. Негізгі басымдық – өнім жинау сапасына, техникалық қамтамасыз етуге және агротехнология талаптарын сақтауға берілген. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қызылжар ауданында барып, жергілікті диқандармен кездесті. Министр олардың сұрақтарына жауап беріп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.



Қазіргі таңда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 2,9 миллион гектары жиналды. Бұл — жалпы егіс алқабының 95 пайызы. Сонымен қатар, қазірге дейін 5,6 миллион тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарынан 19,6 центнерді құрап отыр. Бұған қоса осы уақытта майлы дақылдар 599,8 мың гектар алқаптан жиналды. Орташа өнімділік гектарынан 11 центнерді құрап отыр.

СНХР: ПАВЕЛ РАФАЛЬСКИЙ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ


Сонымен қатар Айдарбек Сапаров өңіріміздің ең ірі кәсіпорындарының бірі – «Зенченко және К» компаниясына да барды. Қазіргі таңда мұнда 8 мың басқа арналған ірі мал шаруашылығы кешенін салып жатыр. Бұл жоба тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі кешен болмақ. Жоба құны – 9 миллиард теңге. Кешеннің жобалық қуаттылығы – жылына 26 мың тонна сүт өндіреді.


Айта кеткен жөн, келер жылы өңірде құны 17 миллиард теңге болатын 22 инвестициялық жоба жүзеге асады. Оның ішінде 7 мың басқа арналған 11 сүт фермасы бар. Жылына 47 мың тоннаға дейін сүт өндіру жоспарланған.