Петропавл тұрғыны азаматтық некедегі әйелін ұрғаны үшін 25 тәулікке қамауға алынды. Жалпы жыл басынан бері өңірде 250-ге жуық жуық жеңіл дене жарақатын салу және ұрып-соғу дерегі анықталған.
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері полицейлер 250-ге жуық жеңіл дене жарақатын салу және ұрып-соғу дерегі бойынша арыз қабылдады. Оның 91-і тұрмыстық қатынастар аясында орын алған. Мәселен, Петропавлда 41 жастағы ер адам азаматтық некедегі әйелін соққыға жыққаны үшін сотқа тартылды. Оның айтуынша, мас болғандықтан әйелінің мұрнын сындырып, аяқпен тепкенін есінде сақтамапты.
Сот шешімімен оған 25 тәулік қамау жазасы тағайындалып, 1 жылға арнайы талаптар қойылды. Оның ішінде алкогольді ішімдіктерді қолдануға тыйым салу бар. Полицейлер еске салады: 2024 жылдың маусымынан бастап жеңіл дене жарақатын салу мен ұрып-соғу әкімшілік емес, қылмыстық теріс қылық болып саналады.
СНХ:Махабат Шәйкенова — СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы
Жалпы жыл басынан бері тұрмыстық құқықбұзушылықтар үшін полицейлер 1756 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, 1955 қорғау нұсқамасын шығарды, соттар 738 жағдайда құқықбұзушыларға арнайы талап қойды. «Заң және Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында полицейлер профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мүмкін болатын жауапкершілікті еске салады және баршаға жанжалды тек құқықтық өрісте шешуді талап етеді.