Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда тұрғындармен кездесу өткізді. Жиын барысында жергілікті халықты толғандырған өзекті мәселелер, инфрақұрылымды дамытудан бастап әлеуметтік қамтамасыз етуге дейінгі тақырыптар талқыланды.
Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі Руслан Аңбаев тұрғындарға арнап сөз сөйледі. Ол өңірді дамыту жоспарлары мен ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы қол жеткізілген жетістіктер туралы айтып өтті. Сондай-ақ, әлеуметтік салаға да тоқталды.
СНХ:РУСЛАН АҢБАЕВ, Ғ. МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАННЫҢ ӘКІМІ
Чистополье ауылының тұрғыны облыс және аудан басшылығына ауыл тұрғындарының атынан сұрақ қойды. Ол елдімекен халқын толғандырып отырған бірнеше маңызды мәселені көтерді. Әсіресе, жолдардың сапасы ең өзекті проблемалардың бірі екенін айтты. Оның айтуынша, асфальт төсеу мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.
СНХ:ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Денсаулық сақтау саласындағы мәселе де өзекті күйінде қалып отыр. Облыс бойынша медициналық кадрлардың жетіспеушілігі байқалса, Чистополье ауылының тұрғындарын жергілікті ауруханадағы күндізгі стационардың жабылуы алаңдатып отыр. Бұл шешім тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігін едәуір шектеп, халықтың үлкен алаңдаушылығын туғызды.
Облыс әкімі тұрғындарға күндізгі стационардың жабылмайтынын жеткізді. Медициналық мекеме бұрынғы режимде жұмысын жалғастыра береді. Тағы бір маңызды мәселе – ғаламтордың сапасы. Өкінішке қарай, ауданның барлық тұрғындары заманауи цифрлық технологияларға тең қол жеткізе алмай отыр.
Кездесу соңында облыс әкімі өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен болашаққа жоспарланған жобалар туралы айтып, ауданның дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды қорытындылады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінің елді мекендерді абаттандыруға белсенді қатысуына баса назар аударылды.
СНХ:ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Кездесу барысында аудан тұрғындарын толғандырған инфрақұрылым, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Облыс әкімі мен салалық департамент, басқарма басшылары маңызды сұрақтарға түсініктеме беріп, оларды шешу бағытында тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.