Қазақстан Президенті өз сөздерінде туризм ел экономикасының өсу көрсеткішінің бірі болуы керектігін әрдайым атап өтеді. Солтүстік Қазақстан облысында тарихи-мәдени мұраны сақтау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. 11-17 тамыз аралығында өңір туризм, мәдениет, білім және жастар саясаты салаларындағы бірқатар халықаралық іс-шаралардың алаңына айналды.
Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Айыртау ауданының Лобаново ауылындағы «Зейнеп жоғары көпсалалы колледжінде» болды. Оның жанында қысқы спорт түрлері академиясы мен «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының Визит-орталығын салу жоспарланған. Жобаға үш экспозициялық залы бар мұражай блогы, ғылыми зертхана, қор қоймасы және конференц-залы бар әкімшілік бөлігі, сондай-ақ 23 нөмірлі қонақүй кіреді. Кешеннің жалпы ауданы –2 мың шаршы метрден асады.