Облыс орталығында «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Тарихи маңызы зор іс-шараға өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Ботай мәдениетін зерттеуші ғалымдар қатысты.
Туризмді экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде дамыту және ұлттық бірегейлікті нығайту – Қазақстан Республикасы Президенті жүктеген маңызды міндеттердің қатарында. Бұл бастама бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында өз жемісін беруде. Халықаралық конференция барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев мемлекет тарапынан туризм саласын өркендетуге айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Ол жақында ғана өзі барған Ботай қазбаларының бірегейлігіне тоқталып, мұндағы тарихи мұраға деген халықтың қызығушылығы күн санап артып келе жатқанын айтты. Ермек Көшербаевтың сөзінше, көпшілік Ботай мәдениетінде адамзат тарихында алғашқылардың бірі болып жылқыны қолға үйретіп, тұрмысқа енгізгенін біле бермейді. Бұл – ұлт тарихының ғана емес, бүкіл адамзат өркениетінің алтын парағы.
СНХР:ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашевтың айтуынша, Ботай феномені тек қана тарихи мыс дәуірімен шектелмейді, оның жалғасы – қола дәуірі де бар. Сол кезеңдерде орын алған үдерістер – адамзат өркениетінің таңғажайып беттерінің бірі. Ғалым бұл дәуірлерге жүргізілген мәдени-этнографиялық зерттеулердің маңыздылығын атап өтіп, олардың сарматтар мен сақтар мәдениетімен сабақтасып жатқанын айтты. Ал одан әрі түркі мәдениетінің қалыптасу тарихын зерделеу – бүгінгі қазақстандық ғалымдардың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін жеткізді.
СНХР:ЗЕЙНОЛЛА САМАШЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ГЕРМАНИЯ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ КОРРЕСПОНДЕНТ-МҮШЕСІ
Сонымен қатар, Зейнолла Самашевтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тікелей қолдауы және бастамасымен 2021 жылы Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының филиалы ашылған. Сол уақыттан бері мұнда ауқымды археологиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді, – деп атап өтті ол.