Петропавл қаласында полицейлер қала тұрғыны тапқан, травматикалық тапаншаға ұқсас затты тәркіледі. 35 жастағы ер адам оны Жұмысшы кенті маңындағы айналма жолда велосипедпен келе жатып жол жиегінен байқап қалған. Ол Қазақстан Конституциясы көшесіне шыққан кезде, кешенді күштер жасағын көріп, дереу тәртіп сақшыларына хабарлаған.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетіп, тапқан затты тәркілеп, сараптамаға жіберді. Криминалистер оның нөмірлері өшірілген, атыс жасауға жарамды «Оса» маркалы травматикалық тапанша екенін растады. Барлық тексерістерден кейін бұл зат жоюға жіберіледі. Полицейлер қала тұрғынының әрекеті дұрыс болғанын атап өтеді. Қаруға ұқсас затты байқасаңыз, бірден полицияға хабарлау қажет.

СНХР: Мейірман Советов — Петропавл қ. полиция басқармасының инспекторы


Қаруды заңсыз сатып алу және сақтау – қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Биылғы жылдың басынан бері облыста полицейлер заңсыз айналымнан 109 тіркелмеген қару тәркілеген. Барлық кінәлілер жауапқа тартылды. Сонымен қатар, 22 адам өз еркімен заңсыз сақталған қаруларын тапсырды. Бұл – жауапкершіліктен босататын ғана емес, «Заң және Тәртіп» идеологиясын қоғамда нығайтатын дұрыс қадам.