2025 жылдан бастап елімізде жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа кезеңі басталады. Қазақстан азаматтары алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей дауыс беру арқылы сайлай алады.
Қызылжар ауданы тұрғындары үшін бұл мүмкіндік биылғы жазда туып отыр. Аудан әкімін сайлау 2025 жылғы 10 тамызға белгіленді. Бұл шешім бұрынғы әкімнің қызметінен мерзімінен бұрын кетуіне байланысты облыстық сайлау комиссиясымен қабылданды. Алдағы сайлауға үш үміткер тіркелді: қазіргі аудан әкімінің міндетін атқарушы Бейбіт Исманов, сондай-ақ Санат Әубәкіров пен Асқар Хабибуллин. Енді Қызылжар жұртшылығы аудан тізгінін кімге сеніп тапсыратынын өзі шешеді. Бұл саяси науқан – жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жолындағы маңызды қадам. Ол азаматтардың құқықтарын кеңейтіп, аймақтың болашағына әсер етуге үлкен мүмкіндік береді.