Петропавл қаласында интернет-алаяқтықпен күресудің жаңа алгоритмі тиімділігін көрсетіп жатыр. Облыс орталығында бір апта ішінде полиция мен жекеменшік күзет қызметкерлері зейнеткерлердің ақшасын ұрламақ болған бірнеше жағдайдың алдын алды. Сақталып қалған жалпы сома - 7 миллион теңгеден асады.

Жыл басынан бері СҚО-да 270-тен астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді - бұл барлық қылмыстардың төрттен бір бөлігіне жуық. Полиция департаменті басшылығының бастамасымен Петропавлда жаңа алдын алу алгоритм іске қосылды: сауда-ойын-сауық орталықтарында кезекшілікте жүрген полиция мен күзет қызметкерлері банкомат маңындағы жағдайды бақылап, әсіресе телефонмен сөйлесіп, абдырап тұрған, ақша аударуға дайындалған егде адамдарға назар аударады. Алаяқтар көбіне «Сізге кредит рәсімделді», «Анашым, мен жол апатына түстім» деген желеумен хабарласады. Сауда-ойын-сауық орталықтарында полиция қызметкері банкомат жанында 74 жастағы зейнеткер әйелді байқап қалады, оған «банктен» қоңырау шалып, атына кредит рәсімделгенін айтқан. «Кредитті жою үшін» әйелден ақшаны « шотына» аудару талап етілген. Жедел араласудың нәтижесінде 500 мың теңге аударылмай, сақталып қалды.

Дәл сол күні, шамамен сол уақытта тағы бір 75 жастағы әйел беймәлім нөмірге дәл сондай сома - 500 мың теңге аударуға әрекеттеніп жатты. Алаяқ өзін алдымен ұлыңмын, кейін немереңмін деп таныстырып, шұғыл ақша керек екенін айтқан. Зейнеткерді банкомат жанынан күзетші байқап қалып, полицияға хабар берген. Жедел жеткен тәртіп сақшылары зейнеткерге оның алаяқпен сөйлесіп жатқанын түсіндіріп, аударым тоқтатылған.

СНХР: Қанат Рамазанов – сауда-ойын-сауық орталығының қауіпсіздік қызметінің қызметкері


Үшінші оқиғада егде жастағы ерлі-зайыпты жұп 6 миллион теңгеден айырылып қала жаздады. Оларға да «кредит рәсімделді» деген желеумен хабарласқан. Алаяқтар оларды ешкімге айтпауға нұсқау беріп, сендіріп тастағаны сонша - зейнеткерлер бастапқыда полицейлерге сенбеді. Олар 1,5 миллион теңгені аударып үлгерген, қалған 4,5 миллионын тәртіп сақшыларының түсіндіруімен сақтап қалды. Барлық деректер бойынша полиция жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.

СНХР: Асқар Мұхаметқалиев – СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары


Полиция қызметкерлері тұрғындарға қатаң ескертеді: зейнет жасындағы туыстарыңызды, таныстарыңызды, көршілеріңізді банкомат алдында жалғыз қалдырмаңыздар. Алаяқтардың кең таралған тәсілдерін түсіндіріп айтып отырыңыздар. Ең басты ереже – асықпау, үзіліс жасап, туыстарыңызға, банкке ресми нөмір бойынша немесе бірден «102»-ге қоңырау шалу қажет.