Мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің туғанына – 95 жыл. Осыған орай Ғабит Мүсірепов ауданы, Новоишимка ауылында ардақты азаматты еске алу іс-шарасы ұйымдастырылды. Ең алдымен, жиналғандар орталық алаңда орналасқан Еркін Нұржанұлы бюстіне гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым етті. Көпшілік көрнекті тұлғаның халқына сіңірген еңбегін құрметпен еске алды. Іс-шара ғылыми-теориялық конференциямен жалғасып, мерекелік концертке ұласты.
СНХ:Ғ.МҮСІРЕПОВ АУДАНЫ
Гүл қою рәсімінен бастау алған тағылымды іс-шара ғылыми-теориялық конференцияға ұласты. Дара тұлға Еркін Әуелбековтің 95 жылдық мерейтойына арналған еске алу жиынына қатысушылардың қарасы қалың болды.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысып, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің Еркін Нұржанұлының өмір жолына арналған жүрекжарды лебізін жеткізді. Құттықтау хатта көрнекті қайраткердің ел дамуына қосқан өлшеусіз үлесі, адамгершілік қасиеттері мен ұрпаққа қалдырған өнегесі кеңінен айтылды.
СНХР: ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, кеңестік кезеңнің көрнекті мемлекет қайраткері Еркін Әуелбековтің бойындағы алғырлық пен табандылық қасиеттері бала кезінен-ақ байқалған. Ол мектепте озат оқып, білімге деген құштарлығымен ерекшеленді. Мектепті үздік аяқтаған соң, арманына бір табан жақындап, Мәскеудегі атақты Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына жолдама алды. Бұл – оның үлкен өмір жолының бастамасы еді.
СНХР: СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Ауылдан шыққан қарапайым қазақ баласының Мәскеуге жол тартуы – сол кезең үшін үлкен жетістік, үлкен сенім еді. Жасынан ұлт болашағына алаңдап, білім мен тәрбие саласының маңызын терең түсінген ол, небәрі 25 жасында ағарту министрі атанып, үлкен жауапкершілік жүгін арқалады.
СНХР: СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Жиналған қауымның арасында Қызылорда облысынан арнайы ат терлетіп келген азаматтар да болды. Олар Еркін Нұржанұлының рухына тағзым етіп, тағылымы терең еске алу жиынына қатысуды өздеріне азаматтық парыз санаған.
Солардың бірі – кезінде Еркін Әуелбековпен бірге қызмет атқарған Бәкір Әбдіжәлел. Ол дарынды басшының ел алдындағы еңбегін айрықша ілтипатпен еске алды.
Қызылордада еңбек еткен жылдарды еске түсірген ардагер ол кезеңнің оңай болмағанын жеткізді. Өңірде күріш шаруашылығынан өзге өндіріс орыны жоқ, жұмыссыздық жайлаған, тапшылық етек алған уақыт еді. Осындай күрделі кезеңде Еркін Нұржанұлы аймақты алға сүйреген, батыл шешімдер қабылдай білген, жаңашыл бастамаларды жүзеге асырып, халықтың үмітін ақтаған басшы ретінде ел есінде қалған.
СНХР: БӘКІР ӘБДІЖӘЛЕЛ, ӘРІПТЕСІ
.
Жұмыс пен жеке өмірді мүлде араластырмаған Еркін Әуелбеков – нағыз кәсібіне адал жан болған. Жақындарының айтуынша, ол үйде қызметтегі мәселелерді тіпті сөз етпеген. Туған-туыстары оның жұмысындағы жүктің қаншалықты ауыр екенін, тек жылдар өте келе, ел есіндегі естеліктер мен әріптестерінің әңгімесі арқылы ғана терең түсіне бастаған.
СНХР: ҒАЛИЯ ЖҮНІСОВА, ЖИЕНІ
Кеш соңында жиын мерекелік іс-шарамен жалғасты. Қатысушылар арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылып, концертбағдарлама мен қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Еркін Әуелбековтің 95 жылдығына арналған бұл еске алу іс-шарасы – оның ел үшін атқарған ерен еңбегін ұлықтау ғана емес, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық тағылымды тәрбие мектебі іспетті болды. Жиналған жұртшылық ел ардақтысын жүрек тебіренісімен еске алып, рухына тағзым етті.