«Құлагер» хоккей командасы PRO HOKEI LIGASY 2024-2025 жылғы тұрақты чемпионатындағы ойын маусымын сәтсіз аяқтады. Турнирлік кестеде 10-орынға тұрақтаған команда плей-офф кезеңіне өте алмады. 

Александр Винокуров спорт сарайының мұз айдынында болашақ хоккей жұлдыздары жаттығып жатыр. Олар алдағы ойындарға тыңғылықты дайындалуда. Ал олардың тәжірибелі әріптестері үшін маусым аяқталды. Команданың қақпашысы Денис Каратаев үшін бұл «Құлагердегі» алғашқы маусым. Дегенмен, хоккей – тек жеке жетістіктермен өлшенбейтін командалық спорт.

ДЕНИС КАРАТАЕВ, «ҚҰЛАГЕР» ХК ҚАҚПАШЫСЫ:

- Менің жеке көрсеткіштерім жақсы болғанымен, команда үшін маусым сәтсіз аяқталды. Сондықтан бұл мен үшін үлкен жетістік деп айту қиын. Біз командалық спорт түрінде ойнаймыз, демек, ең бастысы – ортақ мақсатқа жету. Өкінішке қарай, біз оны орындай алмадық. Ең алдымен, жанкүйерлер алдында кінәмізді сезінеміз. Біз сіздер үшін ойнаймыз, сіздерге қуаныш сыйлағымыз келеді. Осы маусымдағы жіберген қателіктер үшін, құрметті жанкүйерлер кешірім сұраймын.

Команданың қорғаушысы Роман Коваленко биылғы сәтсіздік себебін маусым ортасында бас бапкердің ауысуымен байланыстырмайды.

РОМАН КОВАЛЕНКО, «ҚҰЛАГЕР» ХК ҚОРҒАУШЫСЫ:

- Хоккей – командалық ойын. Сондықтан нәтиже үшін бәріміз бірге жауаптымыз. Команда – кішкентай отбасы секілді, себебі біз кейде туғандарымыздан да көп уақытты бірге өткіземіз.

Клуб басшылығының пікірінше, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін бүкіл дайындық жүйесін қайта қарау қажет.

ИГОРЬ ШЕРСТОВ, «ҚҰЛАГЕР» ХК БАСШЫСЫ:

- Бас бапкерді ауыстыру жоспарда жоқ. Команда маусым басында қолда бар мүмкіндіктерге сай жасақталды. Дегенмен, бапкер ауысқанға дейін де нәтижелер көңіл көншітпейтін. Біз плей-офф аймағынан шет қалудың аз-ақ алдында тұрдық. Жаңа бапкер келгеннен кейін тәртіпке және жаттығу процесіне қатаң талаптар қойылды. Өкінішке қарай, барлық ойыншылар бұл талаптарға төтеп бере алмады.

Игорь Шерстовтың айтуынша, 24 ақпанда келесі маусымда ойнайтын негізгі құрам анықталады. Сол күні жанкүйерлер үшін арнайы жиын ұйымдастырылмақ.