Облыстық полиция департаментінде заңдылықты сақтауға және бас бостандығынан айырылғандарды немесе құқық бұзушылық жасағандарды арнайы мекемелерде ұстау жағдайларын жақсартуға арналған семинар өтті. Талқылауға адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Жанат Жұмабаев, СҚО бойынша ұлттық алдын алу тетігі қатысушылар тобының жетекшісі Олжас Ғаббасов және облыстық полицияның аумақтық бөліністерінің құрамындағы арнайы мекемелердің қызметкерлері қатысты.

Семинарды облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов ашты. Ол департамент басшылығының заңдылықты сақтаумен байланысты және жазаларын өтеп жүргендерді ұстау жағдайларын жақсартуға қатысты барлық мәселелерді бақылауда ұстайтынын атап өтті. Оған техникалық жарақтандыру, медициналық қызмет көрсету және ұсталғандардың заңды құқықтарын сақтау кіреді. Тексерушілердің барлық ұсынымдары ескеріледі, анықталған кемшіліктер кезең-кезеңімен жойылады.

Ринат Алшынбаев — СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Жазаларын өтеушілерді ұстау жағдайларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті 2024 жылы тиісті іс-шаралар кешенін жүргізді. Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері ақпараттандыру және байланыс басқармасымен бірлесіп, облыстың арнайы мекемелеріндегі бейнебақылау жүйесіне ревизия жасады.

Кездесу барысында 2024 жылғы жұмыс қорытындыланды, күдіктілер мен айыпталушылардың құқықтарын сақтау мәселелері, сондай-ақ материалдық-тұрмыстық және санитарлық жағдайларды жақсарту шаралары талқыланды. Олжас Ғаббасов ұсталғандарға уақтылы көмек көрсету үшін полицияның медициналық ұйымдармен тиімді өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.

Олжас Ғаббасов — СҚО бойынша ұлттық алдын алу тетігі қатысушылар тобының жетекшісі:

- Уақытша ұстау изоляторларының барлығында дерлік медицина қызметкерлері жоқтың қасы. Демалыс және мереке күндері жазаларын өтеп жатқандарға медициналық көмек қажет болғанда, ақ халаттылар болмай қалады. Осы орайда орталық аудандық ауруханалармен, әсіресе жедел жәрдем қызметтерімен тиісті жұмыс жүргізіп, олардың келуін қамтамасыз ету қажет.

Семинар соңында құқық қорғау ұйымдарының өкілдері мен бірқатар полиция қызметкері адам құқықтарын қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлестері үшін грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.