М.Қозыбаев атындағы СҚУ-нің студенттері мобильді қосымша әзірледі. «My nku» деп аталатын цифрлық платформаны қысқа уақыт ішінде 3 мыңға жуық адам пайдаланып үлгерген. Қосымша студенттерге сабақ кестесін, баға мен жеткен жетістіктерін көруге мүмкіндік береді.

Даниал Абуов "Бағдарламалық қамтамасыз ету сәулетшісі» мамандығының 3 курс студенті. Бастапқыда ол қосымшаны өзіне ыңғайлы болу үшін жасаған. Кейін досымен бірге оны әрі қарай жетілдіріп, жергілікті оқу ордасының студенттеріне ұсынды.

ДАНИЯЛ АБУОВ, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ СТУДЕНТІ:

- Досым екеуіміз қосымшаның жұмысына ризамыз. Өте ыңғайлы әрі түсінікті интерфейс. Ақпаратқа қол жеткізу үшін көп уақыт жоғалтпайсыз. Студенттер пайдаланып жатыр. Негізінен серверлермен қиындықтар болды. Олар ақша талап етеді, бірақ біз айналып өтетін жол таптық. Бізді қолдаған, көмектескен оқытушылар да бар.

Жігіттер қосымшаны жасаумен өткен жылдың қыркүйегінен желтоқсан айына дейін айналысқан. Бүгінде студенттер платформаны бағалап та үлгерді. Бұған дейін рейтингті, сабақ кестесі мен үлгерімді көру ыңғайсыздық тудырған екен.

Бүгінде бұл қосымша жергілікті университеттің барлық студенттері үшін қолжетімді. Даниал болса алдағы уақытта ойындағы идеяларын жүзеге асырмақ.