Аққайың ауданындағы Дайындық ауылында жаңа спорт кешені ашылды. Бұл нысан ауыл кәсіпкері, диқан әрі ауыл жанашыры Біржан Шәймерденовтың еселі еңбегінің нәтижесі. Жаңа спорт кешені тұрғындарға спорттың әртүрлі түрімен айналысуға мүмкіндік береді, әсіресе ұлттық спорт түрлеріне ерекше басымдық берілген.

Аққайың ауданы Дайындық ауылында бой көтерген кезекті заманауи нысан. Елді мекенде су жаңа көпсалалы спорт кешені қолданысқа берілді. Кешенді өңірге белгілі іскер азамат Біржан Шаймерденов өз қаражатына салған. Маңызды шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы келіп, тұрғындарды нысанның ашылуымен құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Біржан Әбділманұлының ауыл тұрғындарына бар жағдайды жасауда. Әсіресе, ұлттық спортқа ерекше көңіл бөлетіні қуантады. Былтыр өңірімізде 37 спорт нысаны ашылды. Оның 28-і ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Айтулы шараға ат терлетіп Мәжіліс депутаттары Аманжол Әлтаев пен Ринат Зайытов арнайы келген. Халық қалаулылары теріскейдегі елді мекендердің қарыштап дамып жатқанына дән риза. Халық қамын ойлап жүрген азаматтар қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің «Қазақстанда шамамен 5000 ауыл бар. 5000 кәсіпкер шығып әр ауылды өз мойнына алса, көп мәселелер шешілер еді” деген сөзін еске алып, нар тұлғаның идеясын жүзеге асырып жүрген Біржан Шаймерденовке алғысын білдірді.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгін міне, 8 серінің әнін әуелеткен, Ғабең мен Сәбеңнің қалам тербеткен өлкесіне келіп қалдық. Тапқан ақшасын қалтасына баспай, ауылдың көркеюіне зор үлесін қосып жатқан Біржан Әбділманұлына алғысым шексіз.

РИНАТ ЗАЙЫТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Биылдан бастап жаңа заң бойынша шетелден келген спортшылар мемлекет есебінен қаржыландырылмайды. Ақшаны қазақтың қара домалақ балаларына жұмсап, ел спортын дамытсақ деп отырмыз.

Содан соң облыс әкімі нысанның тыныс-тіршілігімен танысты. Ғимараттың іші кең, жарық, спорттың түр-түрімен айналысу үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Ғауез Торсанұлы Дайындықтан болашақта теріскей намысын абыроймен қорғайтын жастардың шығатынына сенетінін айтты.

Спорт кешені 8 айдың ішінде бой көтерген. Аумағы 1200 шаршы метрді құрайды. Заманауи орталық 100 адамды қабылдауға қауқарлы. Дайындық жастары мұнда келіп қысы-жазы спортпен айналыса алады. Салауатты өмір салтын ұстанам дейтін ауыл тұрғындары үшін де нысанның есігі әр кез ашық. Дайындықта қазіргі таңда 80-нен астам отбасы түтін түтетіп отыр. Елді мекенде керектінің бәрі бар. Ауыл тұрғындарының барлығы жұмыспен қамтылған. Жалақылары да жоғары. Осының барлығы жергілікті кәсіпкер Біржан Шаймерденовтың арқасы деп айтуға толық негіз бар. Азаматпен тілдесу барысында ол елді мекенде алдағы уақытта зәулім мәдениет ошағы бой көтеретінін айтты.

БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ: “Дайындық-Агро” ЖШС директоры:

- Спорт кешенін жастар үшін салдық. Ұл-қыздар әлем, Оимпиада чемпионы болмаса да салауатты өмір салтын ұстанса соның өзі мен үшін бір ғанибет. Болашақ - жастардың қолында.

Облыс әкімі Аққайың ауданының орталығында болды

Салтанатты шарадан кейін облыс әкімі Смирново ауылына ат басын бұрды. Өңір басшысы ең алдымен аудан орталығындағы салынып жатқан сумен жабдықтау желілерінің құрылыс барысымен танысты. Қазіргі таңда елді мекен тұрғындарының 70 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Маңызды іс аяқталғаннан кейін әр үйге тіршілік көзі тартылады. Ғауез Нұрмұхамбетов мердігермен кездесіп, жұмыстың сапалы істелуін талап етті. Аудан әкіміне жұмыс барысын жіті қадағалап отыруды тапсырды.

Маңызды іспен өскемендік серіктестік айналысуда. Қазіргі таңда мұндағы жұмыстың 75 пайызы аяқталған. Мамандар күннің суықтығына қарамастан аянбай еңбек өтуде. Жоба бойынша Смирновода 654 құдық пайда болуы тиіс. Қазіргі таңда оның 500-ден астамы қойылған.

ДАНИЯР ҚАПАШЕВ, Аққайың аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Алдағы уақытта елді мекенде сыйымдылығы 300 текше метрді құрайтын 2 бірдей су цистернасы пайда болады. Оның біреуі дайын. Ауыл ішіндегі 125 шақырым құбыр жаңасына ауыстырылады. Бүгінде шамамен 90 км өткізілді. Маман жеткілікті, қаржыландыру тұрғысында да мәселе жоқ. Әрине, жұмыс барысында қаншама жер қазылуда. Бірақ, бәрі бірден тегістелуде. Жоба жыл соныңа дейін аяқталады.

Өңір басшысы барған келесі нысан №9 өрт сөндіру бөлімі болды. Ғимарат 1966 жылы қолданысқа берілген. Жасыратыны жоқ, нысанның жағдайына қарасаң көңілге қаяу түседі. Авариялық жағдайда десек артық айтқандық емес.

Бөлімде 22 құтқарушы жұмыс істейді. 4 техника бар. Облыс әкімі өзге үшін өз өмірін қауіпке тігіп, қандай да жағдай болмасын сақадай сай жүретін құтқарушыларға су жаңа өрт сөндіру бекеті салынатынын айтты

Бұл - “Смирнов мектеп- гимназиясы”. Білім ұясы былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен. Құрылысқа "Қазақстан халқына" қоры 131 млн теңге бөліпті. Соның арқасында осыдан 65 жыл бұрын қолданысқа берілген мектеп адам танымастай өзгерді. Өңір жетекшісі әр кабинетке бас сұғып, атқарылған жұмысқа оң бағасын берді.

Білім ұясында керектінің бәрі бар. Оқушылар қай салаға болмасын ден қоя алады. Ғауез Торсанұлы мектепті аралау барысында оқушылармен кездесті. Ұл-қыздармен әңгімелесу барысында сабақты жақсы оқу керектігін айтты. Еліміздің болашағы жастардың қолында екендігін жеткізді.

Бұдан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов “Векерле” жеке кәсіпкерлігінің ағаш өндеу цехымен танысты. Мұндағы жұмыс 2008 жылы басталған. Цех 22 адамды жұмыс қамтып отыр. Әрқайсысының жалақысы 200 мыңнан кем емес. Кәсіпкерлік шығарған өнімді еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізеді.

Ғауез Торсанұлы аялдаған келесі нысан - жергілікті супермаркеті. Иесі жергілікті азамат - Сергей Векерле. Кәсіптен нәсіп көріп отқан іскер ағайындылар өздері тұрып жатқан аймақтың экономикасын көтергісі келеді. Сауда орны аудан орталығының шетінде орналасса да тұрғындардың көбі азық-түлік алу үшін осында келеді. Себебі, мұнда бәрі арзан.

Облыс әкімі дүкен иесімен тілдесу барысында оған алдағы уақытта елге танымал кәсіпкер болуын тіледі. Айта кету керек, Аққайың ауданында ауданында 18 мыңға жуық адам тұрады. Аймақтағы орташа жалақы мөлшері 260 мың теңгені құрайды.