Биыл Петропавлда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 373,8 млрд теңгені құрады. Ал, негізгі капиталға 150,4 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев тұрғындармен кездесуінде айтып, азаматтардың сұрағына жауап берді. Жиынға жергілікті билік өкілдері және қалалық мәслихаттың депутаттары қатысты.
Петропавлда биыл ұзындығы 28 км-ні құрайтын 32 көшеге асфальт төселінді. Ал, қалған 155 шақырымды алдағы бірнеше жылда аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы, осы жылы барлығы 54 км-ге жуық 49 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-2024 жылдың қаңтар-қазан айларында қалада 100,1 мың шаршы метр тұрғын-үй қолданысқа берілді. 2023 жылмен салыстырғанда өсім 31,4%. Осы жылдың қаңтар-қазан қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемі 224,0 млрд. теңгеге жетті. 2023 жылмен салыстырғанда 7,8 % өсім бар. Құрылыс жұмыстарының көлемі – 55,7 млрд.теңге болды.
Кездесуде алғашқылардың бірі Василий Ротарь сұрағын қойып, Петропавлдағы қоқыс мәселесін көтерді.
ВАСИЛИЙ РОТАРЬ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
-Мен Жуков көшесі, 23 мекен-жайындағы қоқыс мәселесін айтып келе жатқаныма 3 ай болды. Қазір онда барлығы 6 қоқыс жәшігі тұр. Оның 3-еуі қоқыс төгуге жарамайды. Шығатын қоқыс өте көп. Менің ойымша, бұл қатты қиын шаруа емес. Қалпына келтірулеріңізді сұраймын.
Петропавл әкімі өз сөзінде қоқыс мәселесі өзекті екенін айтып, шешуге тысырып жатқандығын жеткізді. Мәселен, биыл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505- бабы бойынша 4 410 жеке және 118 заңды тұлға жауапқа тартылған. Ал, қала тұрғыны Оксана Лябухинаның баспанасы тасқын кезінде суда қалған. Зардап шегуші әлі күнге дейін үй ала алмай жүр.
ОКСАНА ЛЯБУХИНА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
-Бізге әлі күнге дейін баспана берілген жоқ. Барлық қажетті құжаттарды жинап, апардық. Ол кезде қосымша істен шығып, жұмыс істемей тұрғанын айтты. Содан бері қаншама уақыт өтті. Бірақ, әлі де мәселеміз шешілмей жатыр.
Серік Мұхамедиев кездесу соңында көтерілген барлық мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, жауапты мамандарға тапсырма берді.