Түркияның Коджаэли қаласында өткен еркін күрестен Яшар Догу, Вехби Эмре және Хамит Каплан атындағы халықаралық турнирде қазақстандық спортшылар сәтті өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша ел намысын қорғаған үш балуан жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Оның ішінде жерлес спортшыларымыз 74 келі салмақ дәрежесінде Нұрқожа Қайпанов алтын медаль жеңіп алып, турнир жеңімпазы атанды. Ол финалда Болгария өкілі Рамазан Рамазановты айқын басымдықпен ұтты. 97 келіде Ризабек Айтмұхан да қарсылас шақ келтірмей, жарыстың шешуші кезеңінде Болгариядан келген Ахмед Магомаевты жеңіп, бірінші орынға ие болды. 86 келі салмақта Азамат Дәулетбеков финалға дейін сүрінбей жеткенімен, шешуші белдесуде Әзербайжан балуаны Әли Цокаевқа есе жіберіп, күміс медаль еншіледі. Командалық есепте Қазақстан құрамасы жалпы нәтижемен екінші орын иеленді. Бірінші орын — жарыс иесі Түркияға бұйырса, үшінші орын Болгария құрамасына тиді.