Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуы туралы айтып, журналистердің сұрағына жауап берді. Биыл солтүстікқазақстандықтар 6,2 млн тоннадан астам өнім алған. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Жалпы, соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласы – 130,2%-ға, өнеркәсіп – 100,1%-ға, құрылыс – 127,3%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер – 122,9%-ға, және инвестициялар – 109,4%-ға дейін өсім көрсеткен.
Өткен жылы өңірде заманауи цифрлық фермаларды салуға республикалық бюджеттен 17 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда 19 сүт кешенінің 11 –і іске қосылды. Сондай-ақ, Петропавлда қуатты 10 мың тоннаға дейін жететін құс фабрикасының құрысылысы жалғасып жатыр. Ал, өнеркәсіп саласында құны 511 млрд теңге болатын 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Солайша, 5 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Облыс орталығында 32 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Қопай ауданындағы апатты ден танылған үйлер бұзылады. Олардың орнына заамануи, жайлы шағын аудан тұрғызылады. Қазіргі таңда 605 пәтерлік 7 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жалпы, бұл ауданда барлығы 27 көпқабатты тұрғын үй салынады. Жаңа пәтерлерге 4 мыңға жуық отбасы қоныстанады.
Облыста білім ордаларында орын тапшылығы және апатты мектептер мәселесі толығымен шешілген. Және өңірде «денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 46 медициналық нысан салу жоспарланған. Өткен жылы 8 нысан ашылса, биыл 38 мекеменің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, ауыз су мәселесі де өз шешімін таппақ.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Жыл соңына дейін халық саны 10 мыңнан асатын 66 ауылдық елді мекенде кешенді блок-модульдер орнату жоспарлануда. Жыл қорытындысы бойынша ауыл тұрғындарының таза ауыз суға қолжетімділік көрсеткішін 93,3%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
Биыл өңірде 1,5 шақырым электр, 9 шақырым жылу және 8 км сумен жабдықтау желісі ауыстырылған. Айта кетейік, қазан айында 2-ЖЭО – да 180 метрлік мұржаның құрылысы аяқталған болатын. Облыс әкімінің сөзінше, ол келер жылғы жылыту маусымында қолданысқа беріледі.