Петропавлда Женева конвенциясының 75 жылдығына арналған іс-шара өтті. Бұл халықаралық құжат қарулы қақтығыстар кезінде зардап шеккендерді қорғауға бағытталған негізгі заңнамалардың бірі. Жиынға Төтенше жағдайлар және Қорғаныс департаментінің, сондай-ақ Қызыл Жарты Ай қоғамының өкілдері мен волонтерлері қатысты.
1949 жылы қабылданған Женева конвенциясы соғыс кезінде бейбіт тұрғындарды, жаралыларды, науқастарды және әскери тұтқындарды қорғаудың негізін қалады. Конвенция үш негізгі шарттан және үш қосымша протоколдан тұрады. Оның басты мақсаты – соғыс жағдайында адамзатқа келтірілетін азапты азайту және барлық тараптардың адам құқықтарын сақтауын қамтамасыз ету.
ЗӘУРЕ КАРТОВА, М. КОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ ТАРИХ, ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ:
- Женева конвенциясының негізгі қабылдану мақсаты — әскери және шұғыл жағдайлар кезінде жалпы халықтың өзін қалай ұстау керектігін және соғыс жағдайында өзін қалай жүргізу тәртібін анықтау. Қазіргі уақытта «комбаттанттар» және «комбаттант емес» деген түсініктер бар. Комбаттанттар — әскери әрекеттерге қатысатын әскери тұлғалар, ал «комбаттант емес» — осы жағдайдағы бейбіт халық. Сондықтан, халықтың іс-әрекеттері қандай болуы керектігі, соғыс жағдайында қалай өзін ұстауы және оларға қандай гуманитарлық көмек көрсетілетіні Женева конвенциясы мен халықаралық гуманитарлық заң негізінде анықталған.
Іс-шара барысында қатысушылар халықаралық гуманитарлық құқықтың қазіргі кездегі басты мәселелерін, әсіресе қарулы қақтығыстар кезінде бейбіт тұрғындарды қорғаудың тәсілдерін талқылады. Сонымен қатар, конвенцияның қазіргі заманғы қиындықтарға қарсы тұру қабілеті туралы ой бөлісті.
СӘУЛЕ ОРАЗОВА, ҚР ҚЫЗЫЛ ЖАРТЫ АЙ ҚОҒАМЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Біз бейбіт күнде өмір сүрсек те, жауынгерлердің құқықтарын білу маңызды. Бұл тақырып қазіргі уақытта өте өзекті. Азаматтық тұлғалар, яғни «комбаттант емес» тарапынан, қарулы қақтығыстар кезінде қалай әрекет ету керек екенін білуіміз қажет.
Женева конвенциясының 75 жылдығын атап өту адамзаттың бейбітшілік пен гуманизм қағидаттарын ұстануының маңызды екенін тағы бір рет еске салды.