Облыста адам папилломасы вирусына қарсы екпе егу науқаны басталды. 11 жастан асқан қыздарға «Гардосил» атты америкалық препарат егілетін болады. Бұл екпе қыз баланың ата-анасы келісім берген соң ғана салынады.
Облысымызда 11 жастан асқан қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы екпе егу науқаны басталды. Дәрігерлердің айтуынша, жеткіншектер жоспарлы тәртіппен вакцинацияланады. Сондай-ақ, 12-13 жастағы қыздарды да иммундау жұмыстары жүргізіледі. Осылайша мамандар нәзікжандыларды жатыр мойны обырынан сақтауды көздеп отыр.
АРМАН КҮШБАСОВ, СҚО САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Қыздарға "Гардосил" атты америкалық препарат егілетін болады. Облысымызда аталған екпенің 2 мыңнан астам қоры бар. Айта кетейін, адам папилломасы вирусы - жатыр мойны обырын дамытатын негізгі фактор. Елімізде жыл сайын мұндай диагнозбен 1900-ге жуық әйел тіркеліп, 600-і көз жұмады. Өкінішке қарай, науқастардың басым бөлігі қатерлі ісіктің соңғы сатысына жеткенде ғана дәрігерге жүгінеді. Бірден айтайын, аталған вакцинаның еш зияны жоқ.
Екпе қыз баланың ата-анасы келісім берген соң ғана салынады. Алдымен, жеткіншекті дәрігер толықтай тексереді. Қарсы көрсеткіштер болмаса, вакцина егіледі. Содан кейін, 30 минут бойы ақ халаттылардың бақылауында болады. Бұдан бөлек, 3 күн бойы медицина қызметкері жасөспірімнің дене қызуын өлшеп, қарап отырады.
ӘСЕЛ ҚАСЕНОВА, №3 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕ ДӘРІГЕРІ:
- Адам папиллома вирусы 200-ден аса себеппен пайда болады. Соның ішіндегі бірнешеуі өлімге әкеп соғады. Бір өкініштісі, аталған ауру емделмейді. Сол себепті, мұның алдын алу үшін екпе алу қажет. Әлемнің 75 мемлекетінде вакцина бұрыннан қолданылады. Тиісінше, оларда ауыру көрсеткіші бізден бірнеше есе төмен. Неге екпе 11 жастағы қыздарға салынады деген сұрақ туындайы мүмкін. Бұл - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы. Тағы айта кететін жайт, екпе мәжбүрлі түрде салынбайды.
Екпе салынған қыздың анасымен тілдесіп көрдік. Нәзікжанды алғашында қорыққанын айтты. Бірақ, таныс дәрігерлердің берген кеңесінің арқасында үрейі су сепкендей басылыпты.
БАҚЫТЖАН ҒАББАСОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Екпе салынатындығы жайлы өткен айда айтқан болатын. Мен көп ойландым. Әлеуметтік желіні біршама ақтардым. Бірақ, вакцинаның еш зияны жоқ екеніне көзім жетті.
Айта кету керек, облыс бойынша адам папилломасы вирусына қарсы екпе қойдыруға 3200 қыздың ата-анасы келісімін берген.