Облыста полицейлер жаңа «ақылды камераларды» іске қосты. Бұл құрылғылар жолда жүру ережелерін бұзу фактілерін автоматты түрде тіркейді. Олар өңірдің көше-жол желісіндегі қозғалысы көп учаскелерінде орнатылған.


Петропавлда және облыс жолдарында 11-ші қыркүйектен бастап «ақылды камералар», яғни жол жүрісі қағидаларын бұзуды автоматты түрде тіркейтін құрылғылар іске қосылды. Аталмыш құрылғылар жол үстіндегі апаттылықты азайтуда тиімділігін көрсетті. Бұл уақытқа дейін облыста 2022 жылы орнатылған 30 құрылғы жұмыс істеді. Олар орнатылған учаскелерде бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген.


СЕРІК ӘЛЖАНОВ, СҚО ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

- Талдау көрсеткендей, аталған кешендер жол апаттарын, яғни адам өліміне алып келген жол-көлік оқиғаларының санын азайтуда оң нәтиже көрсетті. Бүгінгі таңда адам өлімімен аяқталған жол апаттарының саны 30 пайызға азайып отыр. 


Биылғы жылдың сегіз айында бұл құрылғылар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе аз заңбұзушылықтар тіркеген. Аппараттық-бағдарламалық кешендердің тиімділігіне байланысты және азаматтардың өтініштерін ескере отырып, облыстық полиция департаменті тағы 24 құрылғы алды. Олар өңірдің көше-жол желісіндегі қозғалысы көп учаскелерінде орнатылған.


СЕРІК ӘЛЖАНОВ, СҚО ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

- 2 кешен темір жол өтпесіндегі, 3 кешен жаяу жүргіншілер өткеліндегі бұзушылықтарды тіркейді. Сондай-ақ республикалық маңыздағы жолдарға мобильдік аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылған қосымша қызметтік көліктер шығады. 


«Кордон.Про»М мобильдік кешендері жылдамдықты асыруды, қауіпсіздік белдігін тақпауды, көлік басқару кезінде ұялы телефонды пайдалануды, жол таңбаларының бұзушылықтарын тіркейді. Бұлар жүргізушілер тарапынан жиі жасалатын заң бұзушылықтар. Полицейлер жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жол жүрісі қағидаларының талаптарын қатаң сақтауды сұрайды.