Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай көлеңкелі экономиканың үлесін 15 %-ға дейін төмендету жөніндегі стратегиялық міндет қойды. Айта кету керек, бұл - елдің ұлттық даму жоспарында да бекітілген. Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жыл басынан бері атқарылған істі өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім етті.


Экономикалық тергеп-тексеру департаменті көлеңкелі экономикаға қарсы тиісті шаралар қабылдап жатыр. Департамент өңірдің білім беру саласына талдау жүргізіп, мекемелердің жоғарылатылған бағамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алатындығын анықтаған. Нәтижесінде бюджеттің шамамен 1.3 млрд теңгесінің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді. Жүргізілген жұмыс облыстың 13 ауданындағы 454 орта мектепте бюджеттік шығындарды қысқартуға, 458 мектепке дейінгі мекемеде 17 мың ата-ананың қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.


МҰХАММЕД-ХАЙР БАҒЫТЖАНОВ, СҚО БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Нәтижесінде, 2024 жылдың басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды сатып алу құны орташа республикалық деңгейге дейін төмендету жағына қарай қаралды. Өткен жылмен салыстырғанда картоптың сатып алу құны 48 пайызға (250-ден 130 теңгеге) , сәбіз бен пияздың бағасы 38 пайызға (300 теңгеден 186 теңгеге) төмендетілді.