Облыстық жедел-құтқару жасағының аумағында коррекциялық мектеп тәрбиеленушілері үшін ашық есік күні өтті. Бұл акция Халықаралық балаларды қорғау күніне орай төтенше жағдай Департаментінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – балаларды құтқарушы мамандығымен таныстырып, қауіпсіздік ережесін үйретіп, сонымен қоса оларға ұмытылмас әсер қалдыру. Кездесу барысында ТЖД қызметкерлері балаларға өздерінің қызметі жайлы әңгімеледі. Оқыс оқиға түрлері, құтқарушылардың іс-әрекеті және төтенше жағдай кезінде сабыр сақтаудың маңызын түсіндірді. Сондай-ақ балаларға құтқару орталығының аумағы бойынша экскурсия жүргізілді. Олар сырттай тамашалап қана қоймай, өздерін нағыз қаһарман ретінде сезініп, арнайы техникаға мініп, құтқарушы костюмін киіп көрді.
СНХР: МАРИНА САМОЙЛЕНКО – СҚО ТЖД ШТАБЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Ұйымдастырушылар әр бала бұл күннен жақсы әсер мен пайдалы білім алып кетуі үшін барын салды. Экскурсия соңында балалар бөлімше аумағына ағаш көшеттерін отырғызды – бұл олардың құтқару орталығының жүрегінде қалдырған тірі ізі іспетті. Бұл күн балалар үшін әрі танымдық, әрі ұмытылмас сәтке айналды.
Құтқарушылар балаларға арналған мұндай шаралар жалғасын табытынын айтты.