М. Жұмабаев ауданында 1 тамыздан бастап «Жасыл ел» жасағының сарбаздары өз жұмысын бастады. Олар елді мекендерді қоқыстан тазартып, қоршаған ортаның көркеюіне өз үлестерін қосады. Биыл жалпы облыс бойынша «Жасыл ел» жасағында барлығы 900-ге жуық жас еңбек етіп жүр.


Данияр Жоламан – 16 жаста. Мектеп оқушысы қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өзінің аз да болсын үлесін қосқысы келеді.


ДАНИЯР ЖОЛАМАН, «ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСАҒЫНЫҢ САРБАЗЫ:

- Мен жасыл елде мен табиғатты қорғаймын, қарияларға көмектесемін. Қазақстанның болашағы жастардың қолында.


Жиналған жастар Булаев қаласындағы балаларға арналған ойын алаңын тазартты. Арам-шөптерді жұлып, әткеншектерді сырлады. Жалпы, «Жасыл ел» жасағында 16 мен 35 жас аралығындағы адамдар жұмыс істей алады. Олар арнайы киім-кешекпен қамтылады және еңбекақы төленеді.


МАРИЯ ГАЛАЙДИНА, М. ЖҰМАБАЕВ АУДАНДЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Біздің ауданның жастары – «Жасыл ел» жобасы аясында белсенді жұмыс істейді. Алдыңғы қатарда деп айта аламыз. Осы орайда, біз жастарымыздың қызығушылығын одан әрі арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мәселен, биыл «Жасыл ел» сарбаздарын «Жастар ауылы – 2024» атты лагерьге апармақпыз.


Қазіргі таңда М. Жұмабаев ауданындағы «Жасыл ел» жасағының құрамында 132 сарбаз бар. Оның 52-сі Булаев қаласында, қалған 80 жас ауылдық округтерде жұмыс істеп жүр. Жоба 1 айға созылады.